Жетісу облысында ана мен бала өлімінің алдын алу мақсатында шеберлік сабағы өтті
Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталды орталықта 6-11 сәуір аралығында Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырумен ана мен бала өлімінің алдын алу мақсатында "Акушерлік практикадағы реаниматология мен қарқынды терапияның өзекті мәселелері" тақырыбында оқыту шеберлік сыныбы өткізілді. Шеберлік сабағын медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматологы Жұмаділов Агзам Шаймарданұлы өткізді.
Жетісу облысындағы босандыру қызметінің 40-қа жуық маманы қатысқан 5 күндік шеберлік сабағында дәрігерлер көптеген өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасты. Облыстық перинаталды орталық директорының орынбасары Кенжекова Гүлмира Офабекқызының айтуынша, шеберлік сабағы әртүрлі профильдегі дәрігерлер арасында өзекті мәселелерді талқылауға тамаша алаң болды.
- Дәрігерлер алған білімдерін күнделікті тәжірибеде қолданатын болады. Яғни, жүктілік кезінде әсіресе, коронавирус инфекциясынан кейін асқынуды төмендетуге және қандай мәселелерге көп көңіл бөлу керектігін үйренді, -деді Гүлмира Офабекқызы.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмаділов Агзам Шаймарданұлы дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру ана мен бала өлімінің алдын алуға мүмкіндік береді дейді.
- Акушерлік патологиясы бар науқастарда кездесетін «Анестезиология және қарқынды терапия» бойынша дәрігерлерге кезекті семинар өткізуге келдім. Қазір министрлік осы пациенттерді емдеу бойынша жаңа клиникалық хаттамаларды әзірлеп, бекітті. Мен интенсивті терапия, анестезиология туралы осы хаттамалардың бір бөлігін әзірлеушімін. Осы жаңартуларды ескере отырып, біз қазір осы семинарды өткізуді жоспарладық, -деді Агзам Шаймарданұлы.
Ағзам Шаймарданұлына Денсаулық сақтау басқармасының мамандары ризашылығын білдіріп, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әлидің атынан арнайы «Алғыс хат» табыстады.