Жетімдер үйіне қамқорлық
«Жетім көрсең, жебей жүр» дейді дана халқымыз. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетінің ұйымдастыруымен ата-ана қамқорлығынан айырылғандарға бағытталған қайырымдылық шарасы өтті.
Оған факультеттің әр оқытушысы мен студенті бір кісідей атсалысты. Соның нәтижесінде жиналған киім-кешек пен қомақты қаржыға жетім балаларға арнап ойыншықтар мен керекті құрал-жабдықтар алынды. Балалардың қам көңілін марқайтуға жетерлік дүниені ұжым Қаскелеңдегі жетімдер үйіне арнайы барып, табыс етті. Студенттердің дайындап барған концерттік бағдарламасы мен қызықты ойындары тәрбиеленушілерді бір серпілтіп тастады. Концерт соңында жетімдер үйінің директоры студенттерге жылы лебізін білдіріп, университет ректоры Бақытжан Тұрсынұлының атына алғыс хат жолдады.