Ұрпағының болашағын ойлаған ұлт жастарының білімді болуын басты мақсат етері даусыз. Жасы кіші болса да ақылы асқанды аға сыйлайтын қазақы қағиданың қаншалықты өміршең екенін сөзбен тауысып жеткізу мүмкін емес. Тамыры тереңге жайылған тарихында қазақтың білім-ғылым жолын насихат еткен аузы дуалы абыздары, данышпан датқалары, шежірелі шешендері өте көп болған. Сондықтан баба дәстүрінен ажырамаған бүгінгі ұрпақтың білімсіз болуға хақысы жоқ. Осыны мақсат тұтқан Елбасы кеше тікелей өзінің тапсырмасымен ашылып жатқан «Білім» телеарнасын іске қосты.
«Білім» арнасы үш тілде сөйлейтін болады
Астанадағы Назарбаев университетіне арнайы ат басын бұрған Президент Ыбырай атамыз жырлаған «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ғылымның соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, еліміздегі барлық білім алушы тәлімгерлерге онлайн режимінде дәріс оқыды. Сонымен бірге тұңғыш рет тек қана ғылыми жаңалықтан хабардар ететін отандық «Білім» телеарнасының тұсауын кесті. Телеарна, негізінен, үш тілде жұмыс жасайтын болады. Әлемдік және отандық ғалымдардың жаңа жобалары мен білім беру жүйесіндегі елеулі оқиғалардың барлығы ендігі кезекте осы арнаның еншісіне тиесілі. Әзірге «Отау-ТВ» арнасы арқылы ақпарат әлеміне жол тартқан телеарна алдағы уақытта басқа кабельді жүйелерге қосылатын көрінеді.
Жұмыссыздықты жоятын – ғылым мен білімдегі ізденіс
Өз сөзін қазіргі қалыптасқан экономикалық ахуалдың жай-жапсарынан бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы «бүгінгі күні әлемдегі қаржы дағдарысы рухани дағдарыстың да негізгі өзегіне айналып отыр» деп қадап айтты. «Ел-жұртты дүрліктірген қаржы дағдарысының біз қазір екінші толқынын күтіп отырмыз. Себебі Батыс Еуропа елдеріндегі экономикалық жағдай әлі тұрақты емес. Сондықтан жұмыссыздықпен күрес мәселесін мықтап қолға алуымыз керек», – дейді Мемлекет басшысы. Экономикалық тығырыққа тірелген елдерде қазіргі таңда жұмыссыздық салдарынан қылмыс саны күрт өсіп кеткен. Сол себепті Президентіміз жастарға білім мен ғылымды серік етуді тапсырды.
Тұрақтылық тірегі-татулық
Ел алдында тұрған тағы бір міндет – бейбітшілік пен татулықтың туын тік көтеру. Шаттыққа толы шаңырақтың шашағын сәндеп тараған Қазақ мемлекетіне қызғаныштың қызыл итін айтақтап отырғандар өте көп екенін ескерткен Елбасы әлем болып күресіп жатқан терроризмге қазақ халқы да өзіндік үлесін қосу керек дейді. Әрине, қолға қару алып емес, бейбітшіліктің бастау-бұлағы болған білім алу арқылы. Білімдінің мыңды жығатын заманы туған соң, барды аянып қалмау қажет. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген Абайдың дана сөзін басты қағидасына айналдырған Нұрсұлтан Әбішұлы кейінгі толқынға да осы бағытты ұсынып отыр.
Елдің әл-ауқатын көтеретін шағын кәсіпкерлік
«Біздің күнделікті тұрмысымызда тұтынып отырған заттарымыздың ешқайсысын қаржы институттары мен қорлар жасамайды. Ақшаны тек ақша алып келеді деген ойдан бойымызды аулақ ұстау қажет. Қолымыздағы дүниенің барлығын өндіретін еліміздегі еңбек күшінің көп бөлігі жұмыс істейтін зауыттар мен фабрикалар», – дей келе, Президент шағын және орта бизнесті дамыту мәселесін тағы да алдыңғы кезекке қойып: «Әр қазақтың теңгесі өндірістің осы түрінен өзіне 10 тиын пайда алып келсе, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бірнеше есе жоғарылайды. Мұнымен біз даму қарқынымызды бұрынғыдан да жылдамдата аламыз. Соның нәтижесінде жалпы халық болып отандық өнімдерді инвестициялауды қолға алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, табысты инвестициялық жобалау мәселесін қолға алу керек», – деп атап көрсетті.
Халық байлығы -ұрпақ саулығы
Өмірлік тәжірибесін жас буынмен бөлісуді үнемі қолдап жүретін Мемлекет басшысы салауатты өмір салтын ұстанатыны белгілі. Бұл ретте Елбасы жастарды да жат қылықтардан аулақ болуға шақырудан жалыққан емес. «Егер ұлтымыздың дені сау болса, халқымыздың демографиялық өсу қарқыны да қарыштайды. Мәселен, 2011 жылы бірінші сыныпқа 10 000 оқушы барса, 2012 жылы мектеп табалдырығын 12 000 оқушы аттаған. Бұл – халқымыздың табиғи өсу көрсеткіші», – дейді Елбасы. 2005 жылы басталған демографиялық даму үдерісі Елбасының айтуына қарағанда, 2016 жылға дейін жалғасатын көрінеді. Себебі Қазақстан – жас мемлекет, халқымыздың орташа жас көрсеткіші 35 жастан аспайды. Бұл – біз үшін өте қолайлы жағдай. Ертеңгі күні осы бүлдіршіндер біздің еліміздің білім-ғылым саласын дамытады. Өйткені жарқын болашақ – ертеңгі жеткіншектердің қолында.
Техниканың «тілін» білмейінше, индустриялық серпіліс жоқ
«ХVI ғасырға дейін ғылыми жаңалық шығыстан батысқа бет алатын. Бірақ батыс елдері бу турбинасын қолға алған сәттен бастап шығысты шаң қаптырып кетті. Кейін атом, электр энергиясы ашылған соң тіпті қара үзіп кетті. Міне, осы сәттен бастап шығыс елдері өндірістен тысқары қала бастады», – деп бір тоқталған Елбасы жастарға арнаған дәрісінде білімге құштарлық танытқан адам үшін Қазақ мемлекетінде толық жағдайдың жасалғанын және ендігі меже индустриалды-инновациялық жобаларды игеріп, техниканың «тілінде» сөйлеу керектігін айрықша ескертті. «Соғыстан кейінгі жылдары шығыс елдері қайта жанданып, әр салада ғылыми жаңалықтар ашылды. Оның өзінде Азияны Еуропаның алдына түсіп кетті деуге келмейді. «Қазақстан-2030» бағдарламасын даярлау барысында біз Индонезия, Малайзия, Корея секілді мемлекеттермен иық тірестіріп, Орталық Азияның барысына айналуды алдымызға мақсат етіп қойған едік. Бүгін сол күнге жеттік. Бірақ жеткен жетістікпен бір орында тоқтап қалуға болмайды. Қазіргі ғылымдағы жаңалық күн сайын емес, сағат сайын жаңарып отыратын кез. Ал менің айтып отырған индустриалдық төңкерістің үшінші кезеңінде Қазақ жастары алғыр да табанды, ғылымның сан саласынан хабары бар, соңғы техникалық мүмкіндіктерді меңгерген, қиялдары шексіз болуы керек. Сонда ғана біз Азияның барысына айнала аламыз», – деді Президент.
Халықты жұмыспен қамтамасыз етуге байланысты осы уақытқа дейін көптеген салалық министрліктерде біршама шаралар атқарылғаны белгілі. Соның жемісі болар, бізде қазіргі таңда жұмыссыздық мәселесі бұрынғымен салыстырғанда едәуір төмен. «Бүгінгі экономикалық жағдайда Грециядағы, Испаниядағы қалыптасқан ахуалды көзіміз көріп отыр. Ал Қазақстандағы жағдайды қатар алып қарасақ, жер мен көктей айырмашылық бар. Себебі біздегі «Жол картасы» бағдарламасы аясында елімізде көптеген маман иелері қайта даярлық курсынан өтіп, басқа мамандықты игеріп шыққанын мақтанышпен айтуға болады. Міне, осындай жобаларға жастар белсене атсалысу керек», – дейді Елбасы.
Игіліктің көзі жаңғыртылатын энергия көздерін дамытуда жатыр
«Қазақстанда дәл қазір жаңғыртылатын энергия көздерін жасақтау қажет. Мысалы, Африкадағы Сахара шөлінде күн батареялары мен жел қалақшаларынан энергия өндіру ісі қолға алынып жатыр. Тіпті Еуропа ғалымдары мұхит толқындарын да энергия алу ісіне пайдалануды жоспарлап отыр екен. Сол сияқты жайлауда отырған шопанның шатырында күн батареясы, есігінің алдында жел қалақшасы болса, қолында жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін интернет желісі болса, өзін-өзі қажетті энергиямен қамтамасыз етіп отырса, қандай тамаша», – деді жастардың назарын инновацияға аударған Елбасы. Бір қараған адамға бұл бос қиял секілді көрінуі мүмкін. Бірақ қазіргі ғылымның жетістіктері жоғарыда аталғандарды жасауға толық мүмкіндік береді. Елбасымыз сондықтан осындай мәселелерді алға тартып отыр.
Шындығында, біздегі ауылшаруашылығын дамытудың кенжелеп тұрғаны, бәлкім, осындай игіліктердің болмауынан болар. Егер ауылды көркейтіп, гүлдендірем деген азамат болса, мемлекет қаражатын бөлуге әрдайым әзір. Ауылға жасалған мүмкіндікті ғылыммен ұштастыра қолданар болсақ, қолымыздағы алтынымыз сусып түспес еді. Келешекте шынымен әркім өз қажеттілігін қамтамасыз ететін жағдайға жететініміз анық болса, неге сол күннің іргетасын бүгін қаламасқа.
Кемел білімге құштарлық мектептен басталады
«Интеллектуалдық деңгейі жоғары жастар жиналған Назарбаев университетінің зияткерлік мектептері келешекте кемел білім иелерін тәрбиелеп шығады», – деген Н.Ә.Назарбаев өзге білім ошақтары да осы бағытқа тезірек бейімделгені дұрыс екенін шегелеп айтты. Өйткені әлемдегі озық үлгідегі Кембридж, Оксфорд секілді университеттердің моделін алған бұл шаңырақта қазір еліміздің және алыс-жақын шетелдерден келген өте білімді ұстаздар қызмет етеді. Сондықтан болуы керек, мұндағы жастардың барлығы жаңалыққа жаны құштар. Елбасының әрбір айтқан сөзін қалт жібермей, мұқият тыңдайтыны байқалды. Патшасының пайым-парасатын бағалай білетін білімді ұрпақ жарқын болашақтың кепілі десек, артық болмас. Елінің елеулі ұлы да жұртының жақсы өмір сүруіне жағдай жасап, берекелі тағдырын мерекелі етпекке күш-жігерін сарп етіп келеді.
Әлемді аузына қаратқан Алаш баласы атақ-абырой іздеп шарқ ұрған емес. Тек шартараптың шарайнасынан қазақы болмыс пен бейбіт өмір бейнесін көргісі келеді. Ал ондай нығметке қол жеткізу үшін өзгенің өнерін үйреніп, өз еліңнің дағуасына жарайтындай сауатың болуы қажет. Егер ақпарат майданында санаңа тоқыған ілімің әлсіз болса, аз уақытта алғаныңнан бергенің көбейіп шыға келеді. Бұл бүгінгі бәсекеге толы қоғамның басты талабы. Назарбаев университетіне келіп, еліміздің жоғары оқу орындарының студенттеріне онлайн режимде дәріс оқыған Елбасының бүгінгі ұрпаққа айтар ойының тобықтай түйіні де осы болған секілді.
***
Кешегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бір сағат бойғы дәрісін тыңдаушылар ауқымы да алуан. Мәселен, интерактивті дәріске теледидар мен ғаламтор арқылы 5 миллионнан астам студент, мектеп мұғалімдері, колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары ден қойды. Қазақстаннан бөлек, онлайн режимі арқасында Назарбаев дәрісін тыңдауға Еуропа, Азия мен Америка, Австралия құрлығындағы қызығушылар да қосыла алатыны айтылған болатын. Ең бастысы, дәрістен соң тікелей қосылу арқылы Тұңғыш Президентке елдің барлық аймақтарынан ғана емес, шетелдерде білім алушы жастар да сауал қою мүмкіндігіне ие болған еді.
Индустриялық экономика құру қажет
Мазмұнды лекциядан кейінгі алғашқы сауал жолдаған Назарбаев университетінің студенті Ғалым Бәйтімбетов тағылымды дәріс барысында Президенттің өзі көтерген мәселеге назар аударған болатын. «Адамзатты жаңа белеске көтеретін үшінші индустрия келе жатқанын айттыңыз. Қоғамдағы осындай революцияға Қазақстанның әзірлігі қандай? Әзірлікті арттыру үшін не қажет?» – деді студент. «Дайындық туралы сұрақ өте орынды. Тәуелсіздіктің алғашқы 1991-1996 жылдарында біз ыдыраудан кейінгі дағдарыспен арпалыстық. Басқаны ойлауға шамамыз да келмеді, қаражат та болмады. Біздің нағыз дамуымыз осыдан ілгерідегі 12 жылға тиесілі. Соның ішінде тек жер қойнауына қарап қалмай, индустриялық дамуға ұмтылып жатырмыз. Қазба байлық, Құдайға шүкір, қазақтың жерінде кенде емес. Дегенмен бұған тәуелділік еш болмайды, оның бағасы да нарықта құбылмалы. Сол үшін біз жер қойнауына бағынбайтын екінші экономика – индустриялық экономика құруға тиіспіз», – деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы батыс технологиясы да қуатты рөл ойнайтынын атап көрсетті. Әлбетте, батыс ұсына қоятын дайын технология бар ма? Оның үстіне, озық дүниесін біреуге беріп, сол арқылы өзіне бәсекелес табуды кім, қай ел қалаушы еді? Бұған да мән берген Президент: «Ендеше жаңалықты өзіміз табуға ұмтылсақ игі. Революцияға қажетті инновация да, білім мен ғылым да қазақ даласында бүршік атса екен. Мен соны меңзедім» – деді.
Біліктілік – басты мәселе
Президентпен аттас Нұрсұлтан есімді Қазақстан-Британ университетінің студенті бітірушілердің біліктілігін нақтылау жүйесі туралы көбірек білуге қызығушылық танытты. Дәл осындай тапсырманың бір парасын лекция барысында Мемлекет басшысы Үкіметке жүктеген болатын. «Адамның біліктілік деңгейі деген болады. Қарапайым мысал келтірейін: Астанада медициналық кластер құрдық, оны басқаруға австриялық медицина ғалымдарын шақырып отырмыз. Ал солардың арасында бізге келген қарапайым австриялық клиника медбикесінің білімі біздің кейбір жоғары білімді докторлардың білімінен анағұрлым биік тұрды. Менің біліктілікті нақтылау туралы ұсынысымның мәнісі осында. Оқу орнын бітірген азамат өзінің білімін тәуелсіз нақтыласа, оған сәйкес жалақы да тағайындалмақ», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президенттің пайымынша, бұдан еш қорқудың қажеті жоқ. Біліктілікті нақтылау – лайықты жұмысқа орналасудың, лайықты жалақының бастапқы қадамы.
Азия Еуропаның алдына түсуі үшін көп қажыр жұмсауы тиіс
Бұдан соң, ғаламтор арқылы мұхиттың арғы бетінде отырып Елбасы дәрісін тыңдаған шетелде білім алып жатқан «болашақтықтар» да бейне-байланысқа шығып, сауал жолдау мүмкіндігін олар да пайдаланып еді. «Сіз «Қазақстан-2030» стратегиясында еліміздің азиялық барыстар қатарында болуы керектігін айтқан едіңіз. Бүгін олармен иық тірестіріп те қалдық. Дегенмен әлемді тұрақсыздық жайлаған мына заманда Азия болашағы, оның әлемдік даму үдерісіндегі орны қандай болады?» – дейді «болашақтық» Пенсильвания университетінің студенті. Дәл осы мәселеге лекция барысында Мемлекет басшысы аз-кем тоқталған еді. Сауалға орай, оны кеңірек тарқатты. «Бір кездері Азия әлем кіндігі саналған. Күллі ғылым, білім, мәдениет, әдебиет пен өнер Азиядан тарады. XV-XVI ғасырға дейін солай болып келді. Алайда батыста бірінші технологиялық революция басталған кезде шығыс батыстан ажырап, артында қалды. Бұл әлі жалғасып келеді. Дегенмен кейінгі онжылдықта Азия елдерінің қарқынды дамуы бүкіл әлемді қазіргі дағдарыстан сақтап қалды деуге болады. Азияның дамыған экономикасы болмаса, дүниежүзінің дағдарыстан шығуы да екіталай еді», – деп түсіндірді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, пайымын одан әрі саралай келе, Президент Азияның әлі де болса батыстың алдына түсе алмайтынын, ондай деңгейге жету үшін шығыста технологияны өсіп-өркендетіп қана қоймай, оны уақытылы іске қосып тұру қажеттігін алға тартты. «Менің ойымша, Азияға әлі де көп қажыр қажет. Америкада жүрген сендер оны басқаларға қарағанда жақсы аңғарады деп білемін», – деп түйіндеді өз сөзін Елбасы.
Еске салатын тағы бір дүние: мұндай тағылымды дәріс барысын елдегі барлық дерлік 7696 мектеп те онлайн режимінде тыңдаған еді. Солардың қатарында Павлодар облысы Ақсу қаласында жаңадан пайдалануға берілген №2 мектептің 8 сынып оқушысы Құдайберген Әбішев Президентке сауал қоюға бел буыпты. Жас түлек заманауи технологияларға тәнті екен, сол үшін интерактивті дәріске алғысын айтып, «ендігіде электрондық оқытудың қыр-сырына» қызығатынын жеткізді. Зор қарқынмен дамып келе жатқан замандық технологиядан қалыс қалғысы келмейтінін аңғартты мектеп оқушысы. Мұндай талапты жасқа Елбасы да разылығын білдірді. «Сен Ақсудасың, мен Астанадамын, екеуміз сонда да оңай, кедергісіз сөйлесіп отырмыз, міне, ІТ-Технология деген – осы. ТМД аумағында бүкіл мектепті компьютерлендіруді алғаш қолға алған Қазақстан еді. Бұл әлі де жалғасады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
«Жансаядан жеңілемін»
Ал Астанадағы Оқушылар сарайынан тікелей байланысқа шыққан әлемнің ең жас гроссмейстері, шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы Жансая Әбдімәлік Елбасы қамқорлығы арқасында Қазақстандағы шахматтың қарқынды дамып отырғанына тоқталды. Сосын «Шахматты мектеп пәндерінің бірі ретінде енгізу идеясына қалай қарайсыз?» – деп сұрады гроссмейстер Президенттен. «Жансая, жарайсың! Сенің өсіп-өркендеуіңді ұдайы бақылап отырамын. Жақында әлемдік шахмат қауымдастығының басшылары, атақты гроссмейстерлер менің қабылдауымда болды. Олар шахматпен айналыса бастайтын өңірлердегі балалар үлгерімі бірден үдейтінін айтқан еді. Бұл –ойланатын мәселе. Шахмат ойды жетілдіреді, келешек қадамды алдын ала ойлауға үйретеді. Мемлекетті басқаратын кез келген азамат үшін шахмат – аса қажетті ойын. Әрине, мен де шахмат ойнаймын, алайда тура сен секілді ойнай алмаймын, Жансая. Нақты жауап берейін, жеңілетінім анық», – деді Елбасы. Президент сонымен қатар, жас гроссмейстердің ұсынысын жалпы алғанда қолдайтындығын танытты. «Астанада шахмат орталығы мен академиясы салынады. Оның сыртқы пішіні «атқа» немесе басқа да шахмат фигурасының біріне ұқсас болатын шығар. Бұл да біздің еліміздің көрнекті орындарының біріне айналады деп сенемін», – деп қосты Мемлекет басшысы.
Дәріс арқасында Қызылорда облысынан Президентке жолданған сауалда ата-аналар атынан Мира Мырзағұлова балабақша кезегіне қатысты мәселені көлденең тартқан болатын. Көптің көкейіндегі осы сауалға жауап беруді Нұрсұлтан Әбішұлы «Балапан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан міндеттерден бастады. Сосын Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ері болмас» деген сөзді де мысалға алды. «Бағдарлама бойынша балабақшамен қамтылу 2020 жылға қарай 100 пайызға орындалады. Бұл бір жағынан баланы жастайынан ұжымдық тәлім-тәрбиеге баулыса, екінші жағынан ата-анасы жұмыс істеп, отбасының әл-ауқатын арттыруға септік болады. Ендеше, осы мәселе әрдайым мемлекеттің қаперінде, тікелей қадағалауда болады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Жалпы алғанда, лекция барысында да, одан кейінгі сауалдарда да инновация, озық технология, заманауи білім мәселелеріне көбірек мән берілді. Бәсекелестіктің адымына сараптар жасалып, әлемдегі инновацияның неше бір ұмтылыстары, таңғажайып жаңалықтары мысалға алынды. Сол үшін Мемлекет басшысы Н.Назарбаев мұндай кереметтер ғасырында қол қусырып отыруға жол берілмеуі тиістігін, ол үшін ең бастысы еңбекке күш салу, сол арқылы бәсекелестікке ұмтылу керектігін бір мәрте жастардың есіне салды.
ӘЛ-ФАРАБИ шәкіртақысы жастарды ынталандыруы тиіс
Президентпен сұхбат барысында студенттер тарапынан Кембридж университетінде тағайындалған әл-Фараби атындағы шәкіртақы жайында білгісі келетіндер де болған еді. «Шәкіртақы тағайындау – жас таланттарды қолдаудың бір тетігі. Мен Қазақстан ұлттық академиясының мүшесімін. Онда маған берілетін гранттардың бәрін талапты жастарға шәкіртақы ретінде таратып беремін. Ал Кембридж университетіндегі сапарымда олардың басшыларымен кездестім, осы туралы пікір алыстым. Қазақ жастары да әлемнің мойындалған орталығында білім алса деген арманымды айттым, сосын Қазақстанның атынан әл-Фараби атындағы шәкіртақы тағайындауға келістік. Бұл негізінен философия мен математика бағытында берілетін болады. Өйткені әл-Фараби бабамыз осы ғылымдармен терең шұғылданған еді. Әлемнің ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнында қазақтың жастары да білім алса, сол бізге ауадай қажет. Бұл шәкіртақы дарынды жастарымызды әлемнің озық білім ордасына ұмтылуға ынталандырса деген тілек», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Бұдан бөлек, Президент күні кеше жүрек ауыстыру арқылы еліміздегі бірегей операцияны жүзеге асырған Астанадағы Кардиохирургия орталығының ұжымының да тілегін естіді. Олар бүгінгі күні әлемде жүректі толығымен имплантанттауға көшкенін, сол жобаға Америка мен Еуропаның жетекші клиникалары қатысып жатқанын айтып, өздерінің де бірегей соған ұмтылғысы келетінін жеткізген. Президенттен сол үшін қолдау сұраған. Елбасы : «Мұнымен министрлік айналысады, мен өзім де біздің клиниканың әлемдік жаңалықтар мен инновацияларға қатысуына көмегімді аямаймын», – деді.
Бүгінгі игіліктің бәрі жастар үшін
Дәрістің соңына ұласқан сұхбатты аяқтай келе, Мемлекет басшысы ел келешегі – жастарға тағы бір мәрте Үндеу тастады. «Бүгінгі игіліктің бәрі – жастарға, себебі олар – ел келешегі. Бүгінгі студенттер – елдің ертеңгі азаматтары. Біздің экономикамыз дағдарыс тұсында қисайған жоқ. Түгі жоқ ел едік, қазір толдық. Елдің табиғат берген ырыс-байлығы зор. Ал одан да сарқылмас байлық – жастар. Оларды биік тұлғалы азамат ретінде тәрбиелеу – біздің парызымыз. Соған сай болыңдар», – деген баталы сөзбен екі сағатқа ұласқан жиынды аяқтады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.