Жастары білімді елдің ғана болашағы жарқын

Жастары білімді елдің ғана болашағы жарқын

Ұрпағының болашағын ойлаған ұлт жастарының білімді болуын басты мақсат етері даусыз. Жасы кіші болса да ақылы асқанды аға сыйлайтын қазақы қағиданың қаншалықты өміршең екенін сөзбен тауысып жеткізу мүмкін емес. Тамыры тереңге жайылған тарихында қазақтың білім-ғылым жолын насихат еткен аузы дуалы абыздары, данышпан датқалары, шежірелі шешендері өте көп болған. Сондықтан баба дәстүрінен ажырамаған бүгінгі ұрпақтың білімсіз болуға хақысы жоқ. Осыны мақсат тұтқан Елбасы кеше тікелей өзінің тапсырмасымен ашылып жатқан «Білім» телеарнасын іске қосты.

«Білім» арнасы үш тілде сөйлейтін болады
Астанадағы Назарбаев университетіне арнайы ат басын бұрған Президент  Ыбырай ата­мыз жырлаған «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ғылымның соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, еліміздегі барлық білім алушы тәлімгерлерге онлайн режимінде дәріс оқыды. Сонымен бірге тұңғыш рет тек қана ғылыми жаңалықтан хабардар ететін отандық «Білім» телеарнасының тұсауын кесті. Телеарна, негізінен, үш тілде жұмыс жасайтын болады. Әлемдік және отандық ғалымдардың жаңа жобалары мен білім беру жүйесіндегі елеулі оқиғалардың барлығы ендігі кезекте осы арнаның еншісіне тиесілі. Әзірге «Отау-ТВ» арнасы арқылы ақпарат әлеміне жол тартқан телеарна алдағы уақытта басқа кабельді жүйелерге қосылатын көрінеді.
Жұмыссыздықты жоятын – ғылым мен білімдегі ізденіс
Өз сөзін қазіргі қалыптасқан экономикалық ахуалдың жай-жапсарынан бастаған  Нұрсұлтан Әбішұлы «бүгінгі күні әлемдегі қаржы дағдарысы рухани дағдарыстың да негізгі өзегіне айналып отыр» деп қадап айтты. «Ел-жұртты дүрліктірген қаржы дағдарысының біз қазір екінші толқынын күтіп отырмыз. Себебі Батыс Еуропа елдеріндегі экономикалық жағдай әлі тұрақты емес. Сондықтан жұмыссыздықпен күрес мәселесін мықтап қолға алуымыз керек», – дейді Мемлекет басшысы.  Экономикалық тығырыққа тірелген елдерде қазіргі таңда жұмыссыздық салдарынан қылмыс саны күрт өсіп кеткен. Сол себепті Президентіміз жастарға білім мен ғылымды серік етуді тапсырды.
Тұрақтылық тірегі-татулық
Ел алдында тұрған тағы бір міндет – бей­біт­шілік пен татулықтың туын тік кө­теру. Шат­тыққа толы шаңырақтың шаша­ғын сән­­деп тараған Қазақ мемлекетіне қыз­­ға­ныш­тың қызыл итін айтақтап отыр­ғандар өте көп екенін ескерткен Елбасы әлем бо­лып күресіп жатқан терроризмге қа­зақ хал­қы да өзіндік үлесін қосу керек дейді. Әри­не, қолға қару алып емес, бей­біт­­ші­ліктің бас­тау-бұлағы болған білім алу ар­қылы. Бі­лімдінің мыңды жығатын за­маны туған соң, барды аянып қалмау қа­жет. «Ең­бек ет­сең ерінбей, тояды қар­ның тілен­бей» де­ген Абайдың дана сөзін бас­­ты қағидасына ай­налдырған Нұр­сұл­тан Әбішұлы кейінгі тол­қынға да осы бағытты ұсынып отыр.

Елдің әл-ауқатын көтеретін шағын кәсіпкерлік
«Біздің күнделікті тұрмысымызда тұты­нып отырған заттарымыздың ешқайсысын қар­жы институттары мен қорлар жа­самайды. Ақшаны тек ақша алып келеді де­ген ойдан бойымызды аулақ ұстау қа­жет. Қолымыздағы дүниенің барлығын өн­діретін еліміздегі еңбек күшінің көп бөлігі жұ­мыс істейтін зауыттар мен фабрикалар», – дей келе, Президент шағын және орта биз­несті дамыту мәселесін тағы да ал­дың­ғы кезекке қойып: «Әр қазақтың теңгесі өн­дірістің осы түрінен өзіне 10 тиын пайда алып келсе, халықтың әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайы бірнеше есе жоғарылайды. Мұ­нымен біз даму қарқынымызды бұрын­ғы­дан да жылдамдата аламыз. Соның нәтижесінде жалпы халық болып отандық өнімдерді инвестициялауды қолға алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, табысты инвестициялық жобалау мәселесін қолға алу керек», – деп атап көрсетті.
Халық байлығы -ұрпақ саулығы
Өмірлік тәжірибесін жас буынмен бө­лісуді үнемі қолдап жүретін Мемлекет бас­шысы салауатты өмір салтын ұстанатыны бел­гілі. Бұл ретте Елбасы жастарды да жат қы­лықтардан аулақ болуға шақырудан жа­лыққан емес. «Егер ұлтымыздың дені сау болса, халқымыздың демографиялық өсу қарқыны да қарыштайды. Мәселен, 2011 жы­лы бірінші сыныпқа 10 000 оқу­шы бар­са, 2012 жылы мектеп табалды­ры­ғын 12 000 оқушы аттаған. Бұл – халқы­мыз­­дың табиғи өсу көрсеткіші», – дейді Ел­басы. 2005 жылы басталған демогра­фия­лық да­му үдерісі Елбасының айтуына қа­ра­ған­да, 2016 жылға дейін жалғасатын көрінеді. Се­бебі Қазақстан – жас мемлекет, халқы­мыз­дың орташа жас көрсеткіші 35 жастан ас­пайды. Бұл – біз үшін өте қолайлы жағдай. Ер­теңгі күні осы бүлдіршіндер біздің елі­міздің білім-ғылым саласын дамытады. Өйт­кені жарқын болашақ – ертеңгі жет­кіншектердің қолында.
Техниканың «тілін» білмейінше, индустриялық серпіліс жоқ
«ХVI ғасырға дейін ғылыми жаңалық шы­­ғыстан батысқа бет алатын. Бірақ батыс елдері бу турбинасын қолға алған сәттен бастап шығысты шаң қаптырып кетті. Кейін атом, электр энергиясы ашылған соң тіпті қа­ра үзіп кетті. Міне, осы сәттен бастап шы­ғыс елдері өндірістен тысқары қала бас­тады», – деп бір тоқталған Елбасы жастар­ға ар­на­ған дәрісінде білімге құштар­лық та­ныт­қан адам үшін Қазақ мем­ле­кетінде то­лық жағдайдың жасалғанын және ендігі ме­же индустриалды-инновациялық жо­баларды игеріп, техниканың «тілінде» сөй­леу керектігін айрықша ескертті. «Соғыстан ке­йінгі жылдары шығыс елдері қайта жан­да­нып, әр салада ғылыми жаңалықтар ашыл­ды. Оның өзінде Азияны Еуропаның ал­дына түсіп кетті деуге келмейді. «Қазақ­стан-2030» бағдарламасын даярлау ба­ры­­сын­да біз Индонезия, Малайзия, Корея се­­кілді мемлекеттермен иық тірестіріп, Ор­та­лық Азияның барысына айналуды алды­мыз­ға мақсат етіп қойған едік. Бүгін сол күн­­ге жеттік. Бірақ жеткен жетістікпен бір орын­да тоқтап қалуға болмайды. Қазіргі ғы­лымдағы жаңалық күн сайын емес, са­ғат сайын жаңарып отыратын кез. Ал менің айтып отырған индустриалдық төң­ке­рістің үшінші кезеңінде Қазақ жастары ал­ғыр да табанды, ғылымның сан сала­сынан хабары бар, соңғы техникалық мүм­кін­діктерді мең­герген, қиялдары шексіз бо­луы керек. Сон­да ғана біз Азияның ба­ры­сына айнала ала­мыз», – деді Президент.
Ха­лықты жұмыспен қамтамасыз етуге бай­­ланысты осы уақытқа дейін көптеген са­ла­лық министрліктерде біршама ша­ралар атқарылғаны белгілі. Соның жемісі бо­лар, бізде қазіргі таңда жұмыссыздық мә­селесі бұрынғымен салыстырғанда едә­уір төмен. «Бүгінгі экономикалық жағдайда Гре­циядағы, Испаниядағы қалыптасқан ахуал­ды көзіміз көріп отыр. Ал Қазақ­стандағы жағдайды қатар алып қарасақ, жер мен көктей айырмашылық бар. Себебі біздегі «Жол картасы» бағдарламасы ая­сын­да елімізде көптеген маман иелері қай­та даярлық курсынан өтіп, басқа ма­ман­дықты игеріп шыққанын мақтанышпен ай­туға болады. Міне, осындай жобаларға жас­тар белсене атсалысу керек», – дейді Ел­ба­сы.
Игіліктің көзі жаңғыртылатын энергия көздерін дамытуда жатыр
«Қазақстанда дәл қазір жаңғыртылатын энергия көздерін жасақтау қажет. Мысалы, Аф­рикадағы Сахара шөлінде күн бата­рея­лары мен жел қалақшаларынан энергия өн­діру ісі қолға алынып жатыр. Тіпті Еуропа ғалымдары мұхит толқындарын да энергия алу ісіне пайдалануды жоспарлап отыр екен. Сол сияқты жайлауда отырған шо­пан­ның шатырында күн батареясы, есігінің ал­дында жел қалақшасы болса, қолында жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін ин­тернет желісі болса, өзін-өзі қажетті энер­гиямен қамтамасыз етіп отырса, қан­дай тамаша», – деді жастардың назарын ин­новацияға аударған Елбасы. Бір қараған адам­ға бұл бос қиял секілді көрінуі мүмкін. Бірақ қазіргі ғылымның жетістіктері жоға­рыда аталғандарды жасауға толық мүм­кін­дік береді. Елбасымыз сондықтан осындай мә­селелерді алға тартып отыр.
Шындығында, біздегі ауылшаруа­шы­лығын дамытудың кенжелеп тұрғаны, бәл­кім, осындай игіліктердің болмауынан бо­лар. Егер ауылды көркейтіп, гүлдендірем де­ген азамат болса, мемлекет қаражатын бө­луге әрдайым әзір. Ауылға жасалған мүм­кіндікті ғылыммен ұштастыра қол­данар болсақ, қолымыздағы алтынымыз су­сып түспес еді. Келешекте шынымен әр­кім өз қажеттілігін қамтамасыз ететін жағ­дайға жететініміз анық болса, неге сол күннің іргетасын бүгін қаламасқа.
Кемел білімге құштарлық мектептен басталады
«Интеллектуалдық деңгейі жоғары жас­тар жиналған Назарбаев университетінің зият­керлік мектептері келешекте кемел бі­лім иелерін тәрбиелеп шығады», – деген Н.Ә.Назарбаев өзге білім ошақтары да осы ба­ғытқа тезірек бейімделгені дұрыс екенін ше­­гелеп айтты. Өйткені әлемдегі озық үл­гі­­дегі Кембридж, Оксфорд секілді уни­вер­си­теттердің моделін алған бұл шаңырақта қа­­зір еліміздің және алыс-жақын ше­тел­дер­ден келген өте білімді ұстаздар қызмет ете­­ді. Сондықтан болуы керек, мұндағы жас­­тардың барлығы жаңалыққа жаны құш­­тар. Елбасының әрбір айтқан сөзін қалт жібермей, мұқият тыңдайтыны бай­қал­ды. Патшасының пайым-парасатын ба­­ғалай білетін білімді ұрпақ жарқын бо­ла­шақтың кепілі десек, артық болмас. Елі­нің елеулі ұлы да жұртының жақсы өмір сү­руіне жағдай жасап, берекелі тағдырын ме­ре­келі етпекке күш-жігерін сарп етіп келеді.
Әлемді аузына қаратқан Алаш баласы атақ-абырой іздеп шарқ ұрған емес. Тек шартараптың шарайнасынан қазақы болмыс пен бейбіт өмір бейнесін көргісі келеді. Ал ондай нығметке қол жеткізу үшін өзгенің өнерін үйреніп, өз еліңнің дағуасына жарайтындай сауатың болуы қажет. Егер ақпарат майданында санаңа тоқыған ілімің әлсіз болса, аз уақытта алғаныңнан бергенің көбейіп шыға келеді. Бұл бүгінгі бәсекеге толы қоғамның басты талабы. Назарбаев университетіне келіп, еліміздің жоғары оқу орындарының сту­денттеріне онлайн режимде дәріс оқыған Ел­басының бүгінгі ұрпаққа айтар ойының тобықтай түйіні де осы болған секілді.
***
Кешегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бір сағат бойғы дәрісін тыңдаушылар ауқы­мы да алуан. Мәселен, интерактивті дә­ріске теледидар мен ғаламтор арқылы 5 миллионнан астам студент, мектеп мұға­лім­дері, колледж және жоғары оқу орын­дарының оқытушылары ден қойды. Қазақ­станнан бөлек, онлайн режимі арқасында На­зарбаев дәрісін тыңдауға Еуропа, Азия мен Америка, Австралия құрлығындағы қы­зығушылар да қосыла алатыны ай­тылған болатын. Ең бастысы, дәрістен соң тікелей қосылу арқылы Тұңғыш Пре­зидентке елдің барлық аймақтарынан ғана емес, шетелдерде білім алушы жастар да сауал қою мүмкіндігіне ие болған еді.
Индустриялық экономика құру қажет
Мазмұнды лекциядан кейінгі алғаш­қы сауал жолдаған Назарбаев универ­си­тетінің студенті Ғалым Бәйтімбетов тағы­лым­ды дә­ріс барысында Президенттің өзі көтерген мә­селеге назар аударған бо­латын. «Адам­затты жаңа белеске кө­теретін үшінші ин­дус­трия келе жатқанын айт­тыңыз. Қо­ғам­дағы осындай рево­лю­цияға Қа­зақ­станның әзірлігі қандай? Әзір­лікті арттыру үшін не қажет?» – деді сту­дент. «Дайындық туралы сұрақ өте орынды. Тәуелсіздіктің алғашқы 1991-1996 жылдарында біз ыдыраудан кейінгі дағ­дарыспен арпалыстық. Басқаны ой­лау­ға шамамыз да келмеді, қаражат та бол­мады. Біздің нағыз дамуымыз осыдан іл­герідегі 12 жылға тиесілі. Соның ішінде тек жер қойнауына қарап қалмай, индус­трия­­лық дамуға ұмтылып жатырмыз. Қаз­­ба байлық, Құдайға шүкір, қазақтың жерін­де кенде емес. Дегенмен бұған тәуелділік еш болмайды, оның бағасы да нарықта құбылмалы. Сол үшін біз жер қой­науына бағынбайтын екінші эко­номика – индустриялық экономика құру­ға тиіспіз», – деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы батыс тех­но­логиясы да қуатты рөл ойнайтынын атап көрсетті. Әлбетте, батыс ұсына қоя­тын дайын технология бар ма? Оның үс­тіне, озық дүниесін біреуге беріп, сол ар­қылы өзіне бәсекелес табуды кім, қай ел қалаушы еді? Бұған да мән берген Пре­зидент: «Ендеше жаңалықты өзіміз та­буға ұмтылсақ игі. Революцияға қажетті ин­новация да, білім мен ғылым да қазақ да­ласында бүршік атса екен. Мен соны мең­зедім» – деді.
Біліктілік – басты мәселе
Президентпен аттас Нұрсұлтан есімді Қазақстан-Британ университетінің студенті бітірушілердің біліктілігін нақтылау жүйесі туралы көбірек білуге қызығушылық танытты. Дәл осындай тапсырманың бір парасын лекция барысында Мемлекет басшысы Үкіметке жүктеген болатын. «Адамның біліктілік деңгейі деген болады. Қарапайым мысал келтірейін: Астанада меди­циналық кластер құрдық, оны бас­қаруға австриялық медицина ғалымдарын ша­қырып отырмыз. Ал солардың арасында бізге келген қарапайым австриялық кли­ника медбикесінің білімі біздің кейбір жо­ғары білімді докторлардың білімінен ана­ғұрлым биік тұрды. Менің біліктілікті нақ­­­тылау туралы ұсынысымның мәнісі осын­да. Оқу орнын бітірген азамат өзінің бі­­лімін тәуелсіз нақтыласа, оған сәйкес жа­ла­қы да тағайындалмақ», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президенттің пайымынша, бұ­дан еш қорқудың қажеті жоқ. Біліктілікті нақ­тылау – лайықты жұмысқа орнала­су­дың, лайықты жалақының бастапқы қа­дамы.
Азия Еуропаның алдына түсуі үшін көп қажыр жұмсауы тиіс
Бұдан соң, ғаламтор арқылы мұхиттың арғы бетінде отырып Елбасы дәрісін тың­даған шетелде білім алып жатқан «бо­ла­шақтықтар» да бейне-байланысқа шығып, са­уал жолдау мүмкіндігін олар да пай­да­ланып еді. «Сіз «Қазақстан-2030» стра­те­гиясында еліміздің азиялық барыс­тар қа­та­рында болуы керектігін айтқан еді­ңіз. Бү­гін олармен иық тірестіріп те қалдық. Де­генмен әлемді тұрақсыздық жайлаған мы­на заманда Азия болашағы, оның әлем­дік даму үдерісіндегі орны қандай бо­лады?» – дейді «болашақтық» Пен­силь­вания университетінің студенті. Дәл осы мәселеге лекция барысында Мемлекет басшысы аз-кем тоқталған еді. Сауалға орай, оны кеңірек тарқатты. «Бір кездері Азия әлем кіндігі саналған. Күллі ғылым, білім, мәдениет, әдебиет пен өнер Азиядан тарады. XV-XVI ғасырға дейін солай болып келді. Алайда батыста бірінші техно­логиялық революция басталған кезде шығыс батыстан ажырап, артында қалды. Бұл әлі жалғасып келеді. Дегенмен кейінгі онжылдықта Азия елдерінің қарқынды дамуы бүкіл әлемді қазіргі дағдарыстан сақ­тап қалды деуге болады. Азияның дамыған экономикасы болмаса, дүние­жүзінің дағдарыстан шығуы да екіталай еді», – деп түсіндірді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, пайымын одан әрі саралай келе, Президент Азияның әлі де болса батыстың алдына түсе алмайтынын, ондай деңгейге жету үшін шығыста технологияны өсіп-өркендетіп қана қоймай, оны уақы­ты­лы іске қосып тұру қажеттігін алға тарт­ты. «Менің ойымша, Азияға әлі де көп қажыр қажет. Америкада жүрген сендер оны басқаларға қарағанда жақсы аңға­ра­ды деп білемін», – деп түйіндеді өз сөзін Елбасы.
Еске салатын тағы бір дүние: мұндай тағылымды дәріс барысын елдегі барлық дерлік 7696 мектеп те онлайн режимінде тыңдаған еді. Солардың қатарында Павло­дар облысы Ақсу қаласында жаңадан пайдалануға берілген №2 мектептің 8 сы­нып оқушысы Құдайберген Әбішев Прези­дентке сауал қоюға бел буыпты. Жас түлек заманауи технологияларға тәнті екен, сол үшін интерактивті дәріске алғы­сын айтып, «ендігіде электрондық оқыту­дың қыр-сырына» қызығатынын жеткізді. Зор қар­қын­мен дамып келе жатқан замандық тех­нологиядан қалыс қалғысы келмейтінін аңғартты мектеп оқушысы. Мұн­дай талап­ты жасқа Елбасы да разы­лы­ғын білдірді. «Сен Ақсудасың, мен Аста­на­да­мын, екеу­міз сонда да оңай, кедергісіз сөйлесіп отыр­мыз, міне, ІТ-Технология деген – осы. ТМД аумағында бүкіл мектепті компью­терлендіруді алғаш қолға алған Қазақстан еді. Бұл әлі де жалғасады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
«Жансаядан жеңілемін»
Ал Астанадағы Оқушылар сарайынан тікелей байланысқа шыққан әлемнің ең жас гроссмейстері, шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы Жансая Әбдімәлік Елбасы қамқорлығы арқасында Қазақстандағы шахматтың қарқынды дамып отырғанына тоқталды. Сосын «Шахматты мектеп пәндерінің бірі ретінде енгізу идеясына қалай қарайсыз?» – деп сұрады грос­смейс­тер Президенттен. «Жансая, жарай­сың! Сенің өсіп-өркендеуіңді ұдайы бақы­лап отырамын. Жақында әлемдік шахмат қа­уымдастығының басшылары, атақты грос­смейстерлер менің қабыл­да­уымда бол­ды. Олар шахматпен айналыса бастай­тын өңірлердегі балалар үлгерімі бірден үдейтінін айтқан еді. Бұл –ойла­на­тын мәсе­ле. Шахмат ойды жетілдіреді, келешек қа­дамды алдын ала ойлауға үйретеді. Мем­лекетті басқаратын кез келген азамат үшін шахмат – аса қажетті ойын. Әрине, мен де шахмат ойнаймын, алайда тура сен се­кіл­ді ойнай алмаймын, Жансая. Нақты жауап берейін, жеңілетінім анық», – деді Елбасы. Президент сонымен қатар, жас гроссмейстердің ұсынысын жалпы алғанда қолдайтындығын танытты. «Астанада шах­мат орталығы мен академиясы салынады. Оның сыртқы пішіні «атқа» немесе басқа да шахмат фигурасының біріне ұқсас бо­латын шығар. Бұл да біздің еліміздің көр­некті орындарының біріне айналады деп сенемін», – деп қосты Мемлекет басшысы.
Дәріс арқасында Қызылорда об­лы­сынан Президентке жолданған сауалда ата-аналар атынан Мира Мырзағұлова бала­бақша кезегіне қатысты мәселені көл­де­нең тартқан болатын. Көптің көке­йін­дегі осы сауалға жауап беруді Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы «Балапан» бағдарламасы аясында атқа­рылып жатқан міндеттерден бастады. Сосын Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ері болмас» деген сөзді де мысалға алды. «Бағдарлама бойынша балабақшамен қамтылу 2020 жылға қарай 100 пайызға орындалады. Бұл бір жағынан баланы жастайынан ұжымдық тәлім-тәрбиеге баулыса, екінші жағынан ата-анасы жұмыс істеп, отба­сының әл-ауқатын арттыруға септік бола­ды. Ендеше, осы мәселе әрдайым мем­лекеттің қаперінде, тікелей қадағалауда болады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Жалпы алғанда, лекция барысында да, одан кейінгі сауалдарда да инновация, озық технология, заманауи білім мәсе­ле­ле­ріне көбірек мән берілді. Бәсе­ке­лестіктің адымына сараптар жасалып, әлем­дегі ин­но­вацияның неше бір ұмты­лыстары, таң­ғажайып жаңалықтары мы­сал­­ға алынды. Сол үшін Мемлекет бас­шы­сы Н.Назарбаев мұндай кереметтер ға­­сы­рында қол қусы­рып отыруға жол бе­ріл­­­меуі тиістігін, ол үшін ең бастысы ең­бек­ке күш салу, сол ар­қы­лы бәсекелестікке ұм­тылу керектігін бір мәр­те жастардың есіне салды.
ӘЛ-ФАРАБИ шәкіртақысы жастарды ынталандыруы тиіс
Президентпен сұхбат барысында студент­тер тарапынан Кембридж универ­си­тетінде тағайындалған әл-Фараби атын­дағы шәкіртақы жайында білгісі келетіндер де болған еді. «Шәкіртақы тағайындау – жас таланттарды қолдаудың бір тетігі. Мен Қазақ­стан ұлттық академиясының мүше­сімін. Онда маған берілетін гранттардың бәрін талапты жастарға шәкіртақы ретінде таратып беремін. Ал Кембридж универ­си­тетіндегі сапарымда олардың басшы­ла­рымен кездестім, осы туралы пікір алыс­тым. Қазақ жастары да әлемнің мо­­­­йын­­­далған орталығында білім алса де­ген арманымды айттым, сосын Қазақ­стан­ның атынан әл-Фараби атындағы шәкірт­ақы тағайындауға келістік. Бұл негізінен фи­лософия мен математика бағытында бе­рілетін болады. Өйткені әл-Фараби ба­ба­мыз осы ғылымдармен терең шұғы­л­данған еді. Әлемнің ең алдыңғы қатарлы жо­ғары оқу орнында қазақтың жастары да білім алса, сол бізге ауадай қажет. Бұл шәкіртақы дарынды жастарымызды әлем­нің озық білім ордасына ұмтылуға ынта­лан­дырса деген тілек», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Бұдан бөлек, Президент күні кеше жүрек ауыстыру арқылы еліміздегі бірегей операцияны жүзеге асырған Астанадағы Кардиохирургия орталығының ұжымының да тілегін естіді. Олар бүгінгі күні әлемде жүректі толығымен имплантанттауға көш­ке­нін, сол жобаға Америка мен Еуропаның же­текші клиникалары қатысып жатқанын айт­ып, өздерінің де бірегей соған ұмтыл­ғы­сы келетінін жеткізген. Президенттен сол үшін қолдау сұраған. Елбасы : «Мұ­нымен министрлік айналысады, мен өзім де біздің клиниканың әлемдік жаңалықтар мен инновацияларға қатысуына көмегімді аямаймын», – деді.
Бүгінгі игіліктің бәрі жастар үшін
Дәрістің соңына ұласқан сұхбатты аяқ­тай келе, Мемлекет басшысы ел келешегі  – жас­тарға тағы бір мәрте Үндеу тастады. «Бү­гінгі игіліктің бәрі – жастарға, себебі олар – ел келешегі. Бүгінгі студенттер – ел­дің ертеңгі азаматтары. Біздің экономи­ка­­мыз дағдарыс тұсында қисайған жоқ. Түгі жоқ ел едік, қазір толдық. Елдің табиғат берген ырыс-байлығы зор. Ал одан да сарқылмас байлық – жастар. Оларды биік тұлғалы аза­мат ретінде тәрбиелеу – біздің пары­зы­мыз. Соған сай болыңдар», – деген баталы сөз­бен екі сағатқа ұласқан жиынды аяқтады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста