Жастар ВИЧ пен СПИД науқастарын шеттетпеуді қолдайды
Алматыдағы Орталық Азия техникалық экономикалық колледжінде «ВИЧ инфекциясы бар адамдарға төзімділікті қалыптастырудағы еріктілердің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Шара – «Болашақ – сенің таңдауың» деп аталатын жобаның шешуші кезеңі.
Жастар арасында қауіпті дертке шалдыққандарға оң көзқарасты қалыптастыруды көздейтін кешенді істі «Білім – Орталық Азия» орталығы мен «Шеврон» компаниясы қолға алған. Дөңгелек үстелге оқу орнының студенттері мен еріктілер, режиссер Рубен Казарян, сондай-ақ ВИЧ-ті жұқтырған Борис есімді ер адам қатысты. Ғасыр індетіне абайсызда душар болған адамдардың өмірі жайлы фильмдер түсірген режиссер қоғамды ВИЧ пен СПИД жұқтырғандарды шеттетпеуге шақырады. Оның стигма мәселесіне арналған «С лицом и без лица. Прикосновение» аталатын жаңа туындысы қазанның 18-і күні сағат 15.00-де БҰҰ-ның Алматы қаласындағы ғимаратында тұңғыш рет көрсетіледі. «Болашақ – сенің таңдауың» жобасы биыл мамыр айында Алматы қаласынан жеті колледжді қатыстырып акция өткізді. Студенттер ВИЧ-пен өмір сүріп жатқандарға төзімділік танытуға үндейтін өздері түсірген фильмді жастардың назарына ұсынып, осы ауруды қоғам болып ауыздықтауға шақырған сахналық көріністер ұйымдастырған болатын. «Шеврон» компаниясының өкілдері мұндай шараларды әлі де ұйымдастыра беретінін айтып отыр.
Лейла АЙТМҰХАНОВА, «Шеврон» компаниясының өкілі:
– «Шеврон» әрдайым халықпен бірге. Біз кез келген қоғамдық мәселеге атсалысып, бар күшімізді арнаймыз. «Болашақ – сенің таңдауың» деп аталатын бұл шара тек біреуі ғана. Мұндай тақырыпты қозғап отырған себебіміз ВИЧ-пен ауыратын адамдарды қоғамда шеттетіп, оларға ешкім көңіл бөлмейді. Бірақ олар да адам емес пе? Кеше ғана Шымкентте екі баланы мектептен қуды. Әділдік қайда? Бейкүнә балалардың қандай кінәсі бар? Біз кері көзқарастардан аулақ болуымыз қажет.
Борис:
– Өмірде бұдан да сорақы жағдайлар болады. Мысалы, үйсіз қаңғырып жүргендер бар, біреулер қиындыққа төзбестен, өз-өздеріне қол жұмсайды, тағы сол сияқтылар. ВИЧ-ті жұқтырсақ, ол да тағдыр шығар. Бірақ қоғам мұндай адамдарды сыртқа теппесе екен. Бір күні «ВИЧ таратып жүрген сен сияқтыларды алаңға тізіп, атып тастау керек» дегенді естідім. Жүрегімнің қалай ауырғанын білсеңіздер ғой...