Жәрдемақы, жұмыссыздық: Жамбыл облысында кандидаттар бірқатар мәселені талқылады
Жамбыл облыстық мәслихат депуттығына үміткер Жалил Апбасов пен Сұлтан Өсербаев партия аудандық филиалында партия мен кандидаттың сайлауалды бағдарламасының аманаттары мен ұсыныстарын жинау бойынша қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қабылдау барысында еңбек ардагері Қыдырәлі Оралов Сарыкемер ауылында көпқабатты тұрғын үйдің салынуына қаражат қарастыру мәселесін көтерді.
Ал дихандық тұрғын Базаркүл Хатбаева 35 жастағы мүмкіндігі шектеулі қызы бар екенін, оған төленетін мемлекеттік жәрдемақы көлемінің аздығын айтып, ұсынысын жолдады. Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Мұхтар Қазбаев жұмыссыз жастар, жастарға берілетін тұрғын үй мен қайтарымсыз грант мәселелерін ортаға салса, жеке кәсіпкер, мәдімарлық шаруа Еркін Сандыбаев суармалы егістікке керекті ағын су мәселесі, каналдарды жөндеу жұмыстарының аяқталмауы мәселесіне қатысты өтінішпен қайырылған екен. Кандидаттар әрбір ұсыныс-өтінішті мұқият тыңдап, заң аясында нақты жауаптар қайтарды.
Бұдан соң бекітілген кестеге сәйкес, аудандық филиалдың мәжіліс залында үміткерлер мен оның сенімді өкілдері ауданның зиялы қауымы, еңбек ардагерлері, жеке кәсіпкерлер және қоғамдық штаб мүшелерімен кездесті. Онда кандидаттардың сенім білдірген өкілдері еңбек жолдарымен таныстырды. Өз кезегінде қос кандидат кездесу қатысушыларын өзінің сайлауалды бағдарламаларымен кеңінен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Аталған кездесуде ардагерлер ағалық ақ батасын берсе, ақ жаулықты аналар алғысын білдірді.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, ардақты ана Назым Қуанышбаева, еңбек ардагерлері Серік Балабеков пен Серік Кембаев, кәсіпкерлер Мәкен Тұрмағанбетова мен Сәния Алтаева өз ойларын ортаға салып, кандидатқа қолдауларын жеткізді. Сонымен қатар пікір алмасу барысында ауыл шаруашылығы, жайылым тапшылығы, ағын су мәселесі, денсаулық сақтау және білім беру салаларына қатысты ұсыныстарын айтты.
Түс ауа кандидаттар аудандық емхана қызметкерлерімен кездесуде болды. Онда жуырда ғана пайдалануға берілген емхананың жұмыс барысы туралы аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Мырзағали Мәдімаров таныстырылым жасады. Қызметкерлермен кездесуде кандидаттар сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Бұдан соң кездесу пікір алмасуға ұласты. Кездесуде қатысушылар көтерген негізгі мәселе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төңірегінде өрбіді.
Байзақ ауданында кездесудің соңы «Есіктен-есікке» акциясы бойынша Сарыкемер ауылының екі отбасында болуымен қорытындыланды.
Айта кетейік, осы жылдың 19 наурызына тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттары сайлауының науқаны басталып, үміткерлер өз сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, ел ішінде түрлі деңгейдегі кездесулер ұйымдастыруда.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді