Зардап шеккен аудандардың түлектері ұбт-дан босатылмайды
Қатал қыс пен тасқынның зардабын тартып отырған Шығыс Қазақстан және Алматы облысындағы елді мекендер тұрғындары биылғы мектеп түлектерінің тағдырына алаңдаулы.
«Оқушыларымызды Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) босатып қалар» деген «батпан құйрық» болмайтын болды. Десек те, жоқтан жақсы. Су тасқынынан зардап шеккен аудандардағы мектеп түлектері үшін ҰБТ-ны тапсыру мерзімі әдеттегі 1-10 маусымнан 19-26 шілдеге шегеріліп отыр.
«Табиғи апатқа ұшыраған елді мекендердегі мектеп түлектері ҰБТ-дан босатыла ма, әлде тапсыра ма?» деген сұрақтар сол ауылдардың тұрғындарынан да, Парламент Мәжілісі депутаттарының тарапынан да қойылып жатыр. Бірден жауап берейік, зардап шеккен ауылдардағы оқушыларды ҰБТ-дан босатуға болмайды, – деді Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков.
«Себебі ҰБТ тапсыру – әрбір мектеп бітірушінің міндеті. Егер ол тапсырмаймын десе, онда оған дәстүрлі емтихан тапсыру құқығы беріледі. ҰБТ тапсырған соң оқушының қолына сертификат беріледі. Сол арқылы ол оқуға түседі. Сондай-ақ оқушы сол сертификат арқылы мемлекеттік грант байқауына түседі.
Сондықтан да балаларды мұндай мүмкіндіктен айырмауымыз керек», – деп министрдің орынбасары жағдайды жұмсақ жеткізді.
«ҰБТ тапсыру мерзімінің ұзаруы балалардың психологиялық соққыдан айығып, емтиханға дұрыс әзірленуіне септігін тигізеді», – деп есептейді Махметқали Сарыбеков. Осы аралық бойы балаларды ҰБТ-ға дайындау үшін оқытушылар тағайындалған. Вице-министрдің мәліметтерінше, Қызылағаш ауылында биыл – 44 бала, ал ШҚО-ның Тарбағатай ауданының Көкжыра, Жантікей мен Көктүбек ауылдарында 47 бала мектеп бітіреді екен.
Ал ЖОО-ларда оқып жатқан зардап шеккен аудандардың студенттеріне мемлекет тарапынан қандай көмек болмақ?
Министрлік осы аудандардан шыққан ақылы бөлімде оқитын студенттер санын анықтаған. Олардың саны 604 екен. «Бұл тек қана Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ғана емес, сонымен қатар басқа да су алған аймақтардан оқып жатқан студенттер саны», – дейді Махметқали Сарыбеков.
Вице-министрдің айтуынша, бұл студенттер ЖОО-ның ректораты және ғылыми кеңестің шешімімен 1 наурыздан бастап жылдың аяғына дейін төленетін оқу ақысынан және жатақхана ақысынан босатылады. «Төлеп қойғандар бухгалтериядан ақшаларын есептетіп, кері қайтарып ала алады», – деді ол. Сондай-ақ осы оқушыларға күнделікті тегін ас та ұйымдастырылып отыр екен.