Жалған дипломмен жан бағып жүргендер жаппай әшкереленiп жатыр
Қалтаң қалың болса, бес жыл бойы университет партасында сарылмай-ақ, оп-оңай «дипломды» маман атанып шыға келуге де болады екен. Әлқисса, мұндай дипломды елiмiздегi ең таңдаулы, биыл 75 жылдығын атап өтетiн Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетi «берiп» жатса, онда бұл дипломның жалғандығына ешкiмнiң де күмәнданбасы анық.
Облыстың қаржы полициясы қызметкерлерi жоғарыда аталған университеттi «тамамдаған» маманды анықтап қана қоймай, осы жоғары оқу орнының дипломын сатумен айналысып жүргендердi заттай айғақпен құрыққа түсiрдi.
Атырау облыстық қаржы полициясы департаментiнiң баспасөз хатшысы Алтынай Мұхтарованың айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар айында «жалған құжат жасау» және «пара беру» баптары бойынша Мақат аудандық спорт және денешынықтыру бөлiмiнiң бас маманына қатысты iс қозғалған.
Оның жұмысқа орналасар кезде кадр бөлiмiне тапсырған Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың «Инженер-экономист» деген бiлiктiлiк берiлгендiгi туралы дипломының қолдан жасалған жалған құжат екендiгi анықталған. Дипломының жалғандығы жария болған азаматша оны анықтаған Қаржы полиция бөлiмiнiң инспекторына iстi насырға шаптырмауды өтiнiп,оған 200 мың теңге көлемiнде пара берiп жатқан кезiнде ұсталды.Қазiргi күнi осы оқиғаға байланысты қылмыстық iс қозғалып, сотқа жiберiлген.
Бұдан өзге, Қаржы полициясы «Атырау қалалық бiлiм беру бөлiмi» мемлекеттiк мекемесiнiң бас маманы мен оның туысына қатысты қылмыстық iс қозғады. Олар биылғы жылдың 2 наурызында Алматы қаласындағы Қ.Сатпаев атындағы ҚазҰТУ-ды бiтiргенi жөнiнде жалған диплом куәлiгiн алдын ала қылмыстық сөз байласып, бiр азаматшаға 1500 АҚШ долларына сату үстiнде Қаржы полициясы қызметкерлерiнiң қолына түскен. Қазiргi күнi қылмыстық iс бойынша тергеу жүргiзiлуде.