Түркістан облысына қарасты Сауран ауданының Ораңғай ауылдық округінде «Құсшы ата» дейтін елді мекен бар. 1664 тұрғыны бар аядай ауылда сонау өткен ғасырда, яғни 70-ші жылдары салынған кітапхана бүгінде құлаудың алдында тұр, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Түркістан ТВ телеарнасына сілтеме жасап.
Сырттай қарағанда, құдды қараусыз қалған ғимарат секілді, себебі іргетасы әбден мүжіліп, біткен. Қабырғалары қақырап, құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Шатыры да тозған, төбеден жаңбыр суы аққан. Қысқасы, қазіргі сиқы дәл осындай ауылдағы мәдениет, руханият ошағының соңғы рет қашан жөндеу көргені белгісіз. Әйтсе де, оған күнде ел кіріп-шығып, кәдімгідей жұмыс істеп тұр. Себебі, онда 15 мыңға жуық кітап қоры көздің қарашығындай сақталып, оқырмандарға ұсынылып келеді. Және осындай халде тұрғанына қарамастан, ауыл халқының жартысы осы жерден кітап оқуға құмбыл.
Бірақ соңғы кездері мұнда бір қорқыныш елесі кезіп жүр. Жұмысқа тұрғанына 6 ай болған Мәдина Берістемова кітапханашыдан жұмысты қабылдап алғанда ғимаратта жылан бар екенін естіген. Ол сақ болуын ескертіп кетіпті. Содан бері күн сайын жанына айран мен ұн қойып, есікті ашып отырады.
«Өзім келгелі әлі жылан көрмедім. Қыстыкүні пеш жағылады. Қазір сол тым-тырыс пеш кейде тықырлап кеткендей болады. Жақында күн жылына бастағанда кітап сөрелерінде жылан жүргендей дыбыс естілді. Тіпті, тарс етіп жерге құлағандай болды. Барып көруге жүрексіндім. Бірақ мұнда жылан бары туралы жиі естігендіктен үнемі елеңдеп, қорқып отырамын», – дейді жас кітапханашы үні дірілдей.
Ең қорқыныштысы, мұнда тұрғындардан бөлек, жақын маңдағы мектептен оқушылар да жиі келеді екен. Олар сұраған кітаптарды ішкі бөлмеге балалармен бірге кіріп алып береді.
"Ортадағы есік ашық тұрады. Жылан көріне қалса, тез арада қашып шығуға барынша ыңғайлап қойғанбыз. Балаларға білдірмеуге тырысамын", – дейді ол.
Ал осында 20 жылға жуық жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан Гүлжәмила Адилова сан мәрте жыланмен бетпе-бет келгенін айтады.
"Талай рет кездестірдім. Жаздыгүні тіпті есіктің алдында күнге қыздырынып жатқанын өз көзіммен көрдім. Кітаптардың үстінде жатады. Бірде оқырманым қажетті кітабын көруге ішке кірген болатын. "Жылан" деген жан дауысы шықты, ішке жүгіріп кірсем, дәл ортада үлкен бір жылан оратылып жатыр. Тіпті, зейнеткерлікке шығайын деп отырған күні де алдымнан шықты. Қорыққанымнан қашамын деп құлағаным есімде. Менен бұрын жұмыс істеген Еркінкүл апаның кезінде тіпті көп болған екен», – дейді Гүлжәмила апа.
Ал Еркінкүл әжей кітапхана бастапқыда монша болғанынан, монша пеші жыланға толып тұратынын еске алды.
"Кітапханада жалақысыз жұмыс істеген күндеріміз де болды. Жалақының орнына ұн, басқа да азық-түлік беретін. Жыланнан қорықсақ та жұмыс істеп жүре бердік. Үнемі айран әкеліп қоятынмын. Бірақ айран қатып қалып жүрді, сосын ауыл әжейлерінің кеңесімен ұн әкеліп қоюды әдетке айналдырдым. Бір жылдары көрші тұрған пошта қызметкері кітапханаға екі кірпі кіргізіп жіберді. Сол кездері біразға дейін жылан да көрінбей қалып еді. Кейін қайта шықты ғой. Әкімдік қызметкерлері де білетін", – дейді Гүлжәмила апай.
Демек, мұнда жыланның болуына ғимараттың бұрын монша болғаны да себеп болуы мүмкін. Бұл аймақ дымқыл жерді ұнататын жәндіктің ордасы болуы да ғажап емес. Одан бөлек, жоғарыда айтқанымыздай, кеміргіштер мен құстарды қорек ететін жыланға кітапхана жайлы орта да шығар. Кітапханашы Мәдина Берістемова мұнда кеміргіштердің қатарына кіретін тышқанның болуы мүмкіндігін жоққа шығармады. Тікелей көрмегенімен, тышқанның өзіне тән иісі шығып тұрады.
Бір қызығы, қанша жерден төбеден суы өтіп, қабырға көгерсе де, кітаптар сол күйі тап-таза, бүлінбеген. Мұндайда «Қырық жыл қырғын болса да..» дейтін тәмсіл еске түседі екен. Жыланды да, тышқанды да, бүгінде жаңбырдың суын да көріп келе жатқан кітаптар сол күйі өңін бермей тұр.
Жөндеуге келмейтін ауыл кітапханасының жайы, болашағы туралы Сауран аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Құндызай Нәлшеевадан сұрағанда:
"Өкінішке қарай, кітапхананың қашан қайта салынатыны белгісіз. "Ұсыныс берілген, бірақ жергілікті билік тарапынан әзірге сүйінші хабар естілмейді", - деп қысқа қайырды.
Зерттеулер көрсеткендей, жыландар көктем мен жазда белсендірек болады екен. Күз, қыс мезгілінде тыныш жататын жәндіктер секілді олар да күн жылына жер бетіне шыға бастайды. Демек, кітапханашының нағыз қорқынышты күндері басталды деген сөз.
Түркістан облысы