Хиромант: Алақандағы сызықтар арқылы өмірді өзгертуге болады
Хиромантия — адамның алақанындағы сызықтарға қарап болжам жасау. Кейінгі жылдары осы ілімді оқып, кәсіп еткендер көбейді. Себебі сұраныс бар. Қандайда бір мәселеде қиындық туындаса, нумеролог, хироманттардың көмегіне жүгінетіндер көп. Ақтөбелік хиромант Айсара Өмірзаққызы Express Qazaqstan тілшісіне аталған ілімнің құпиясымен бөлісті.
Зерттеулерге сүйнесек, хиромантияның негізі ежелгі Мысырда қаланған. Кейін Шығыста дамып, Батысқа тарайды. Осыдан 2 мың жыл бұрынғы үнді жазбаларында хиромантия туралы мәліметтер кездеседі екен. Аристотель мен Ибн Синаның еңбектерінде де осы ілім туралы айтылған көрінеді. Айсара Өмірзаққызының айтуынша, Үндістан мен Жапонияның халқы хиромантияға ерекше назар аударады, сенеді. Тіпті Жапон медицинасының хирургия саласында осы әдіспен адам денсаулығы тексерілетін көрінеді.
Айсара Өмірзаққызының хиромантиямен айналысқанына бес-алты жыл болған. Алғашқы жылдары әйелдер көбірек келсе, қазір ерлердің үлесі елу пайызға жеткен. Маманға хабарласатындардың басым көпшілігі — өмірде жолы болмай жүргендер, отбасынан дау-дамай арылмайтындар, денсаулығына алаңдайтындар және тұрмысқа шықпаған қыздар мен күйеуінің көңілдесі бар деп күдіктенетін келіншектер. Сондай-ақ, үй, көлік алғысы келетін, шет елге көшуді жоспарлағандар мен кәсіп бастауды ниет еткендер де жиі кеңес алады.
"Хиромантия — өте қызық, әрі күрделі ғылым. Адамның алақаны кітап тәрізді. Оның тағдыры мен мінезі туралы көп нәрсені баяндап береді. Мәселен, осы саланы қолға алмас бұрын көз тию, дуалау деген нәрсеге көп сенбейтінмін. Ал хиромантияда көз тию сызығы бар. Бұл көп адамдарда болмайды. Қара сиқыр жасалған, көз тиген адамдардың алақанында ғана осы сызық пайда болады. Егер сызық бас бармақтың түбінен басталып, өмір сызығын кесіп кетсе, ол адамның қара сиқырдың құрбаны болғанын көрсетеді. Жалпы алақандағы ұсақ сызықтар белгілі бір жағдайларда пайда болып, кейін жоғалып отырады. Өзгермейтін үш сызық бар. Ол — ақыл, жүрек, өмір сызығы", — дейді хиромант.
Хироманттар осы үш сызыққа қарап негізгі болжамды жасайды. Бала өмірге осы үш сызықпен келеді. Сондықтан мамандар үш жасқа дейінгі баланың қолын қарамайды. Себебі баланың алақанындағы ұсақ сызықтар тез өзгереді. Сондықтан болжам қате болуы мүмкін. Алақандағы сызықтар алты жастан кейін айқындала бастайды екен. Маман баласын әкелгісі келетін келіншектерге осыны ескертеді. "Баланы көрмей-ақ оның алақанындағы сызықтар арқылы дені сау немесе қатерлі дертке шалдыққанын білуге болады" — дейді ол.
Өмірдің сызығына қарап адамның денсаулығын білуге болады. Егер сызық анық көрінсе денсаулықтың мықты болғаны. Сондай-ақ маман сызықты арнайы сызғышпен өлшеп, қай жылы қандай жағдай болады, қай жыл сәтті өтеді, яғни барлығын нақты анықтайды.
Ақыл сызығы адамның интелектуалдық қабілетін, жүрек сызығы махабатты көрсетеді.
"Ақыл сызығына қарап адамның қартайғанда неге тап болатынын біле аламыз. Мәселен, ақыл-есінен алжасатыны, жүре алмай қалуы мүмкін екені алақандағы белгілер арқылы білінеді. Бірақ алақанда осылай сызылған солай болады деген қағида жоқ. Мәселен, 30-дағы келіншектің алақанындағы сызыққа қарап оның қартайғанда жүре алмай қалатынын білесің. Егер ол әйел осы ескертуден кейін жаттығу жасап, денсаулығына көңіл бөлсе, өмір сүру тәртібін өзгертетін болса, бұлай болмауы мүмкін. Осы кезде қауіпті белгілер жойылып кетеді", — дейді маман.
Хиромантия арқылы қауіп-қатердің алдын алуға болады.
Адам өмірінде бір рет болса да алақандағы сызықтарын оқытып алса, артық етпейді. Менің алдыма келгендердің ішінде бірде біреуі хиромантияға барғаныма өкінемін дегенін естіген емеспін, —дейді хиромант.
Сондай-ақ маманның айтуынша, сол алақандағы сызықтар — тағдырдың жазуы. Оны өзгерте алмайсың. Ал оң алақандағы сызыққа қарап, 18 жастан бастап қартайғанға дейінгі өмірімізді болжауға, түрлі қиындықтардың алдын алуға болады.
Алақандағы неке сызығы адамның неше рет үйленіп, неше рет тұрмысқа шығатынын көрсетеді.
"Бір әйел келді отбасында береке жоқ. Күнде ұрыс, айқай. Бірақ балалары үшін күйеуімен ажыраспайды. Не істерін білмей кеңес сұрады. Алақанындағы неке сызығына қарап ол әйелдің бірінші емес, екінші некесімен бақытты болатынын көресің. Егер оның өмірі осылай жалғаса берсе, соңында әйел ауруға ұшырауы мүмкін. Бұған көрікпел болудың қажеті жоқ, осының барлығы алақандағы сызықтарда айқын көрініп тұрады. Бұндай кезде жан-жақты кеңес бересің. Бірде бір келіншек күйеуімен ажырасатынын айтты. Бірақ алақандағы сызығы бір некені және жұбайымен үйлесіп тұрғанын көрсетті. Сұрай бастағанда мәселе күйеуінде емес, оның енесінде екен. Оны өзі де мойындады. Ол қиындықты ажырасу арқылы шешпек болған. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар бірге келіп, отбасындағы жағдайға кеңес сұрайды. Осындай сәтте ер адамның көңілдесі бар екенін, егер осы мәселені шешпесе отбасының бұзылатыны көрініп тұрады. Бұндай кезде әйелді шығарып жіберіп, ер адамға жеке кеңес айтуға мәжбүр боласың. Хиромантияда барлығы құпия сақталады. Бір адамның жағдайын екінші адамға айтпайсың", — дейді хиромант.
Адамдар әр түрлі мақсатпен келеді. Кәсіп бастауды ниет еткендер де маманның кеңесіне жүгінеді. Алақандағы сызық оның осы саланың адамы ма немесе кәсіптен пайда, әлде зиян көре ме барлығын айтып береді.
Сондай-ақ тұрмысқа шықпаған, сүйіктісі жоқ, күйеуінің қамқорлығына бөленбейтін қыз-келіншектердің алақанындағы венера дөңесі солғын тартып тұрады. Ал сезімін сыртқа шығармайтын адамдардың алақанында сызықтар өте аз болады. Бұндай адамдардың болашағына болжам жасауда қиындық тудырады екен.
Хироманттардың өз заңы бар. Басты талап — адамға зияныңды тигізбе.
"Кейде қандайда бір қауіпті көріп тұрып, айтпай қалатын кездер болады. Бір келіншек келді. Алақанында жесір қалудың сызығы бар. Оның 35 жасында күйеуінен айрылатынын білесің. Ал бұндай нәрсені мүлде айтуға болмайды. Дегенмен күйеуіңе көңіл бөл, денсаулығына қарасын деп тұспалдап болса да білдіресің. Кейбір адамдардың алақанында қашып құтыла алмайтын (фатальность) белгі шығады. Егер бұл белгі біреу болса, қауіп-қатердің алдын алып, одан құтылуға болады. Ал ол бірнешеу болса, демек тағдырдың жазуы, оны өзгерте алмайсың", — дейді маман.
Тағдырды өзгертуге бола ма?
Алақандағы қауіп-қатерді білдіретін сызықтарға түзету жасап, қиындықтан құтылуға, бақыт әкелетін, ақша шақыратын сызықтарға да түзету енгізіп, өмірді өзгертуге болады. Айсара Өмірзаққызының айтуынша, бұл қызыл сиямен жасалады.
"Мәселен, алақанда ақша сызығы болады. Осы сызық үзік-үзік болса, адам қанша қаржы тапса да қор жинай алмайды. Осы кезде сызықтарға қызыл сиямен түзету енгіземіз. Бұл әдіс 21 күн бойы және кешкі уақытта жасалады. Себебі осы уақыт ішінде ми жақсы нәрсені қабылдап үлгереді. Бір қызығы, қалай сызсаң, алақанда сондай сызық пайда болады. Осы әдістің нәтижесін көргендер өте көп. Тұрмысқа шықпаған қыздар алақандағы сызықтарына түзету енгізіп, күйеуге тиіп жатыр. Үй алып, шет елге көшкендер, кәсіп бастағандар өте көп. Сол сияқты қауіп қатердің де алдын алуға болады. Егер фатальность белгісі біреу болса, оны сызып, тосқауыл қоямыз. Ол қатердің қай күні болатынын да есептеуге болады, осылайша адам қиындықтан құтылады. Уақыт өткеннен кейін әлгі қатерлі сызық өзінен өзі жойылып кетеді", — дейді маман.
Маманның айтуынша, жапондықтар сәттілік әкелетін сызықтарды арнайы лазермен салатын көрінеді. Ал Үндістанда қызыл сиямен жасайды екен. Маман "бұл мыңдаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан әдіс" дейді.