Вакцинадан қайтыс болған тұрғын: Тексеру қорытындысы шықты
Алматыда вакцина салдырған соң қайтыс болған медициналық қызметкерге қатысты тексеру жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният хабарлады деп жазды kznews.kz.
«Вакцинадан қайтыс болған алғашқы жағдай Алматы облысында тіркелген болатын. Қайтыс болған әйел біздің әріптесіміз, қалалық перзентханада жұмыс істеген. Комиссия бұл оқиғаға қатысты тексеруді аяқтады. Оның созылмалы аурулары болған, жүрек ауруы бойынша диспансерлік есепте тұрған, бірақ тұрақты түрде тексерілмеген, тиісті дәрілерді қабылдамаған. Комиссия вакцина салудағы санитарлық нормалардың сақталуын да тексерді. Сот-медициналық тексерудің, комиссия шығарған нақты шешімнің нәтижесіне сәйкес, дәл сол вакцина ол адамда вирусемия туғызуы мүмкін емес. Ол адамның созылмалы ауруы болған және сол аурудан қайтыс болған. Өлімнің вакцинаға қатысы анықталмады», – деді Ажар Ғиният.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда дәрігер вакцина салдырғаннан кейін екі күн өткенде үйінде құлап, қайтыс болды.