«Үркер» – талапты ұландарға арналған тұңғыш сыйлық
Кеше Алматы қаласы басшылығы дарынды оқушыларға «Үркер» деп аталатын алтын төсбелгілерді табыс етті. Бұл бағалы сыйлық енді білім мен шығармашылықта белсенділік танытып жүрген жеткіншектерге жыл сайын берілетін болады.
«Үркер» – Алматы қаласының басты нышаны – алма ағашы мен оның жемісі тәрізді жарқыраған шоқжұлдыздан тұратын көрікті сыйлық. Оның безендірілуі жастық жігер мен талантты, даналық пен әдемілікті қадірлеуді меңзейді. Тұңғыш рет тағайындалып отырған құрмет белгісі негізінен ғылым, музыка мен бейнелеу өнері бойынша республикалық және халықаралық додаларда топ жарып жүрген балаларға берілді. Марапатқа қаладағы 32 мектептің 76 оқушысы ие болды. Оның 20-сы жаратылыстану ғылымдары бойынша халықаралық олимпиадалардың және конференциялардың, 29-ы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары болса, 30-ға жуығы мектеп оқушылары арасында экономика пәні бойынша өткен жарыстардың үздіктері. Оларды жетістіктерімен құттықтаған қала басшысы: «Сендерге бұл сыйлықпен қоса үлкен міндеттер жүктеледі. Жеткен жеңістеріңмен тоқтап қалмай, одан әрі талпынып, талаптана берулерің керек», – деген лебізін білдірді. Басқосуда балаларға талмай білім беріп келе жатқан 32 мектептің директоры мадақ қағаздарын алды. «Қазақ үшін «үркер» сөзінің үлкен мағынасы бар. Мұндай сыйлық оқушылардың, ұстаздардың жаңа белестерге талпынуына, өрлеуіне күш береді. Біздің балаларымыз үркердей мықты болады деп сенемін», – деді марапатталғандардың бірі, ҚР Еңбек Ері Аягүл Миразова.