«Үркер» кімге бұйырады: Қазақстандағы 10 үздік интернет-БАҚ
Баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2018» ұлттық сыйлығының табысталуына санаулы күндер қалды.
Байқауда отандық БАҚ өкілдері «Үздік фотосурет», «Үздік репортаж», «Үздік сараптамалық материал», «Үздік журналистік зерттеу», «Үздік сұхбат» сынды 14 аталым бойынша сынға түседі. Ал, «Үздік интернет-БАҚ» аталымында кімдер үздік атанады? Марапаттау қарсаңында ҚазАқпарат агенттігі қазақстандық жаңалық тарататын 10 танымал интернет-ресурсқа шолу ұсынады.
1. ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі - тарихы 1920 жылдан бастау алатын Қазақстандағы тұңғыш ақпарат агенттігі. Тұңғыш рет ҚазАқпарат отандық ақпарат агенттіктері арасында халықаралық дәрежеге ие болған және тұңғыш рет қиырдағы қазақтарға латын, төте әліпбиінде хабар таратқан. Қытай тілінде хабар таратқан Орталық Азиядағы тұңғыш агенттік те осы.
Агенттік 98 жылға жуық уақыт бойы саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және қоғамның өзге де тыныс-тіршілігі туралы жедел әрі сенімді ақпарат таратып келеді. ҚазАқпарат арқылы Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет, өңірлік билік органдары, ұлттық қаржылық және өндірістік құрылымдардың қызметі жөнінде ресми хабар таратылады.
ҚазАқпарат қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде хабар таратады. Кириллицаны оқи алмайтын шетелде тұратын қандастарымыз үшін қазақша жаңалықтар латын графикасы мен арабша төте жазуға аударылады. Мәтіннен бөлек, агенттіктің фото және видеоқызметтері жұмыс істейді. ҚазАқпаратта өзге отандық ақпараттық агенттіктерде жоқ тілшілер желісі бар. Елдің барлық аймақтарында тілшілер пунктері орналасқан. Ресей, Қытай Бельгия, Әзербайжан, Өзбекстан және әлемнің т.б. елдерінде меншікті тілшілері бар. Бұл елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды on-line режимде жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік береді. www.inform.kz порталын пайдаланушылардың географиясы 229 елді қамтиды.
2. Tengrinews.kz - «Өзекті ақпарат- өз уақытында» қағидасымен жұмыс істейтін Қазақстандағы ірі жаңалықтар порталы. 2010 жылы негізі қаланған бұл портал 2017 жылы «Үздік интернет-БАҚ» аталымында Үркер сыйлығын жеңіп алған болатын. Порталдың бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. Алғашында орыс тілінде ғана ақпарат таратқан портал соңғы жылдары қазақ тілі бөлімін де ашты. Қазіргі уақытта Tengrinews.kz Zero.kz сайтында алғашқы орында тұр. Тәулігіне бұл порталға 400 мыңнан астам оқырман кіреді.
3. "Интерфакс-Қазақстан" ақпарат агенттігі - 1989 жылы құрылған КСРО-дағы алғашқы тәуелсіз жаңалықтар порталы - «Интерфакстің» қазақстандық бөлімшесі. Агенттік 1996 жылдың қазан айынан бастап, Қазақстанның саяси жəне экономикалық ақпарат нарығында жұмыс істей бастады. Агенттік оқырмандарға электронды форматтағы сұхбаттар мен жаңалықтарды қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ұсынады. Сонымен қатар, БАҚ-ты мониторингтен өткізу, ТМД мен шет елдердің заңды тұлғалары туралы мəлімет беру, баспасөз мәслихатын ұйымдастыру сынды қызмет түрлерін ұсынады.
4. Zakon. kz - заңнама және құқық саласында ақпарат беретін сайт 1999 жылы құрылған. Мұнда Қазақстан заңдары мен қайта бекітілген нормативтік актілерінің толық мәтіні беріледі, заң жобалары мен құқықтық мәселелер талқыланады. Арнайы форумда сарапшылар құқық мәселелері бойынша оқырмандар сауалына кеңес береді, анықтамалық қызмет көрсетеді. Одан бөлек, Zakon. kz әлемдік, спорт, саясат, мәдениет бойынша кең ауқымда жаңалықтар мен сұхбаттар, репортаждар жариялайды. Сайтты күнделікті 200 мыңнан астам адам оқиды және Zero.kz рейтингінде бұл сайт алғашқы үштіктен түспейді.
5. Informburo.kz - құрылғанына үш жыл болған мультимедиялық ақпараттық-сараптамалық портал танымал ресурстардың үздік бестігіне еніп үлгерді. Портал күнделікті жаңалықтармен қатар, көлемді сараптамалық материалдарымен «Неге?» және «Не үшін?» деген сұрақтарға жауап іздеуге тырысады. Порталда инфографикаға, видео және фотожұмыстарға да ерекше көңіл бөлінген. Портал атауын 31 арнадағы «Информбюро» бағдарламасымен байланыстыратындар бар. Шынында да, «Информбюро» бағдарламасы мен Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталы және "InformБЮРО Мегаполис" апталық газеті - серіктестер болып саналады.
6. BAQ.KZ - «Қазконтент» акционерлік қоғамына тиесілі қазақтілді ақпараттық портал. 2010 жылы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында құрылған. Порталдың басты мақсаты - барлық қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына бір ғана сілтемемен қол жеткізуге мүмкіндік беретін ортақ алаң құру болатын.
Порталдағы 30 айдарда күн сайын әлемде және Қазақстанда болып жатқан жаңалықтар топтамасы оқырманға ұсынылады. BAQ.KZ-те еліміздің қазақ тіліндегі 104 газеті мен 34 журналының сайттары және 175 электронды БАҚ топтастырылған. Портал қолданушылары 11 радио мен 17 телеарнаны онлайн жүйесінде пайдалана алады. Сонымен қатар, Порталда шетелдегі қазақ диаспораларының тыныс-тіршілігін қамтитын «Жаһан қазақтары», еліміздегі тарихи тұлғаларға қатысты дүниелерді ұсынатын «Алтын қор» бөлімі және мұрағаттардағы құнды деректерді жарыққа шығаратын «Асыл қазына» бөлімдері жұмыс істеп, оқырмандарға сирек кездесетін бірегей ақпараттар таратады.
7. Sputnik Kazakhstan - «Россия сегодня» халықаралық ақпарат агенттігі негізінде қаланған «Sputnik» жаңалықтар порталының Қазақстандағы бөлімшесі. «Sputnik» агенттігінің өзге ресурстардан басты айырмашылығы - шетелдік аудиторияға бағытталған. Sputnik редакциялары АҚШ, Түркия, Мысыр, Қытай, Ұлыбритания сынды әлемнің бірқатар елінде орналасқан және күн сайын 30-дан астам тілде жаңалық таратады. Астанадағы Sputnik өкілдігі саясат, экономика, қоғам, сараптама, сұхбат айдарларымен қазақ және орыс тілдерінде ақпарат таратады.
8. Today.kz - тәулік бойы ақпарат тарататын қазақстандық порталдардың бірі. Бұл ұжым Қазақстан мен әлемдегі оқиғалар туралы эксклюзивті материалдарымен, ақпаратты қызықты етіп беруімен танылған. Жаңалықтардан бөлек, порталда «Өзекті тақырып», «Сюжеттер», «Сұхбат», «Әлеуметтік желі», «Фоторепортаж» сынды айдарлар белсенді түрде толығып отырады. Zero.kz рейтингі бойынша Today.kz үздік 20 интернет-ресурс қатарына енген.
9. Bnews.kz - «Қазконтент» АҚ қарамағындағы ақпарат агенттігі. 2009 жылдың шілде айында іске қосылған BNews.kz күнделікті ақпаратты текстілік, видео, фото, графикалық форматта online режимде ұсынып отырады. Қазақстан мен әлемнің саяси, экономикалық, қоғамдық, мәдени, спорттық жаңалықтарын таратады.
Ақпараттық агенттік қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Сонымен қатар қазақ тілді ақпарат латын қарпіне аударылады. Агенттік жылдамдық, нақтылық және шынайылық ұстанымдарында жұмыс істейді.
10. ҚазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстандағы ақпараттық қызметтер нарығында 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Ақпараттардың өзектілігі, сенімділігі және дәлдігі - ҚазТАГ командасының басымдықтары болып саналады. Қазақстанның әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және спорттық өміріндегі оқиғалар туралы ақпарат орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде онлайн режимде таратылады. Сондай-ақ, ҚазТАГ ақпараттық өнімдері қатарында сұхбат, көзқарастар, пікірлер де бар.
ҚазТАГ-ның бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан, Астанада және Қазақстанның әрбір өңірінде ҚазТАГ тілшілер желісі жұмыс істейді. ҚазТАГ-тың шетелдік ҚырТАГ (Қырғызстан), ӨзТАГ (Өзбекстан), ТәжікТА (Тәжікстан), ИрТАГ (Иран), АуТАГ (Ауғанстан) және Silkroad News ақпараттық агенттігі сынды серіктестері бар.
***
Еске сала кетсек, «Үркер» ұлттық сыйлығы 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. "Үркер" - баспа, радио және интернет журналистика бойынша Қазақстандағы тұңғыш жүлде. Байқауға қатысу туралы өтініштер 7 мамыр мен 10 маусым аралығында urker@el.kz электрондық поштасы арқылы қабылданды.
Ұсынылған ең үздік жұмыстарды арнайы сарапшылар іріктеп, жеңімпаздарды тілшілердің төл мерекесі қарсаңында марапаттайды.
Байқау жеңімпаздары естелік мүсінше мен 1 000 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болады.
Автор: Айжан Серікжанқызы