Үндістан көрмесі – Семейде
«Ертегідей Үндістан» енді Семейде. Осы аптада қалада үнді тауарларының көрмесі ашылды. Көрме-жәрмеңке Семейдегі драма театрының фойесінде ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге келушілер Күншығыс елінен келген өнімдерді тамашалап қана қоймай, оны тиімді бағаға сатып та алып қарық болды.
Тауарлар арасында үнді елінің ұлттық киімі сариден бастап, хош иісті шайлар, таза мақтадан тігілген киімдер, көздің жауын алар ұлттық зергерлік бұйымдары, қала берді аяқкиімдерге дейін бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар әкелген өнімдердің басым бөлігі қолдан жасалған. Көрмені тамашалаушылар тауарлар құнының аса қымбат емес екенін айтуда.
Асиф ХАН, ұйымдастырушы:
– Біз Семейге алғаш рет келіп отырмыз. Мақсатымыз – семейліктерге үнді елінің қандай екенін паш ету. Соған қоса, осы жәрмеңкеге келген халық өздерін Үндістанда жүргендей сезінсе дейміз. Сондай сезімде болу үшін біз барымызды салып жатырмыз. Келушілерге ән мен жырдан шашу шашып, көңілдерін көтеруге барынша үлес қосудамыз. Айта кетерлігі, бұл жерге еліміздің әр штаты мен түрлі компания өкілдері келді. Қазір олар саудаларын жүргізіп жатыр. Сіздердегі халықтың біздің тауарларға деген қызығушылығы да, сұранысы да жоғары екен. Біз соған қатты қуаныштымыз.
«Ертегідей Үндістан» атты бірегей көрме Қазақстанның ауқымды деген барлық қаласына жол тартпақ. Ал семейліктер үнді елінен келген көрме-жәрмеңкені осы аптаның аяғына дейін тамашалай алады.