Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отыр. Мұндай пікір Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елге сапары барысында айтылған болатын. Екі мемлекеттің басшылары қазақ-үнді кәсіпкерлер қауымдастығын осы саланы барынша қолдап, күш салуға шақырған-ды. Бұл келісімнің нәтижесі ретінде мамырдың 21-і мен 23-і аралығында Алматыдағы «Атакент» көрме орталығында үнді тауарларының көрмесі өтеді.
Кең көлемдегі шараның ашылуына арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан мен Үнді елі арасындағы достық, әріптестік байланыстардың жолға қойылғанына 10 жыл толғаны айтылды. Осы уақыт ішінде біздің халықтар арасында мәдени, рухани салаларда түрлі байланыстар орнады. Әсіресе, экономика саласындағы қол жеткізген жетістіктеріміз көңіл қуантады екен. 2007 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 196 миллион АҚШ долларын құраса, бұл көрсеткіш 2008 жылы 368 миллион АҚШ долларына өскен.
Жиынға Үнді елінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саджанхар Ашок, Үндістан сауда-саттықты дамыту бірлестігінің төрайымы Бхиде Шила, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Татьяна Жданова және елшіліктің бірқатар өкілдері қатысты. С.Ашоктың айтуынша, соңғы төрт-бес жылда Үндістанның ішкі жалпы өнімі 9 пайызға өскен. Биыл бұл межені тағы 7 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Елшінің сөзіне қарағанда, Үнді үкіметі дағдарыспен қарқынды күресіп жатыр. Қазір мемлекет қорында қосымша 250 миллиард АҚШ доллары бар. «Елге дағдарыс онша әсер етіп отырған жоқ, оның себебі, біріншіден, біздің халықаралық байланыстарымыз мықты, екіншіден, біздің банктеріміз тұрақты, олар мемлекеттен көмек күтпейді», – деді елші.
Үндістан экономикалық әлеуеті жоғары Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі. Елдің сауда-саттықты дамыту бірлестігінің төрайымы Б.Шиланың сөзіне қарағанда, осы тұрғыдан алғанда, алдағы күндері өтетін ірі көрменің екі елге де берері көп болмақ. Бұл ортақ экономикалық тәжірибе алмасуға Үндістанның шағын және орта бизнесіндегі 80-нен астам кәсіпорын қатысады.
Үндістан бізге инвестиция салуға мүдделі
Последние статьи автора