Ұлу жылы 29 мың ағаш егілуі тиіс
Өткен жылы көптеген кәрі ағашынан айырылған Алматы қаласының аумағына Ұлу жылы 29 мың тал-терек отырғызылмақшы. Қаланың 180 мың шаршы метр бөлігі гүлзарға айналады.
Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының хабарлауынша, 2012 жылы жапырақты және қылқанжапырақты 29 мың түп егу көзделіп отыр. Сонымен бірге қаланың көгалды аумақтарының көлемі биыл тағы да ұлғаймақшы. Мамандар тура өткен жылдағыдай 180 мың шаршы метр аумаққа гүлзар жасағалы отыр. 2008 жылы Алматы аумағында – 21 мыңнан астам, 2009 жылы – 22 мыңнан астам, 2010 жылы – 24 500, ал былтыр 36 мың ағаш егілген. Былтыр сонымен бірге Жетісу ауданында екі саябақ жаңа қалыпқа келтіріліп, күтімге алынған болатын. Ал биыл Бостандық ауданындағы әйгілі Ботаникалық гүлзар мен Алмалы ауданының Қазыбек би – Панфилов – Әйтеке би – Абылай хан шаршысындағы саябақ жөнделуі тиіс.