Ұлттық арнада – «Айтуға оңай» ток-шоуы
«Өле жатқан қазақ кемінде екі ақыл айтады, соның ең құрығанда бірін өзі орындаса, әлдеқашан жақсы болып кетер еді» деген екен ғұлама Ғабең, яғни Ғабит Мүсірепов атамыз. Осыны қазақ ХХІ ғасырда мойындап, «Айтуға оңай» деген атпен ток-шоу шығарып отыр. Қазақстан ұлттық телеарнасында күні кеше тұсауы кесілген бағдарлама елдің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне арналады.
45 минуттық бұл бағдарлама бұдан былай эфирден аптасына төрт рет, кешкі сағат 21.05-те тұрақты беріліп отырады. Ең басты жаңалық та сол, бұл – Ұлттық арнадағы апта бойына шығатын алғашқы жоба. Қарапайым халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде туындап жатқан жағдайлар, адам айтса нанғысыз оқиғалар – осылардың барлығы көзі тірі куә – кейіпкерлерімен ел алдына шығады. Ең бастысы, ток-шоу еркін, ешқандай қатып қалған қағидасыз өтеді. Жүргізушісі – кәсіби журналист Бейсен Құранбек. Продюсері – Әлия Құдайбергенова.
Ток-шоу ә дегеннен өз бағдарламасын «Келін бе, келсап па?», «Ене ме, кене ме?», «Арба сүйреген ақын», «Адасқандар...», «Анам мені араққа айырбастады...», «Үйлену қиын...» секілді тақырыптардан бастап отыр. Болашақта Астана және Алматы қалаларында екі студияда түсірілім жұмыстары жүргізіледі.