Украина жеріндегі соғыста Ресейдің қазағы опат болды
Ресей мен Украина арасындағы соғыста Краснояр өлкесі Астрахань облысының қазағы Арман Нарынбаев қаза болған. Бұл жөнінде өлке губернаторы Игорь Бабушкин Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Украина жерінде біздің Краснояр өлкесінен келген жерлесіміз Арман Қасымұлы Нарынбаев қайтыс болды. Ол өз өмірін отанын қорғау үшін арнады. Бұл шайқаста ол қаһарман ретінде қаза тапты", - деп жазды Бабушкин.
Ресей қорғаныс министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, арнайы операция барысында ресейлік әскерлердің арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар.
Бұған дейін Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Украинадағы арнайы операция кезінде екі сарбаздың қазасы туралы айтқан еді.
Украинадағы жағдай
Еске салайық, Владимир Путин бұған дейін Донбасста арнайы операция өткізуге шешім қабылдағанын айтқан еді.
"Қалыптасқан жағдай бізден шұғыл әрі батыл шешім қабылдауды қажет етеді. Донбастағы халықтық республикалар Ресейден көмек сұрады. Осыған байланысты БҰҰ жарғысының 51-бабы 7-бөліміне сәйкес, Федерация кеңесі санкциясымен және Федералдық жиналыста ратификацияланған ДХР және ЛХР-мен жасалған достық пен өзара қолдау туралы келісімді орындау үшін мен арнайы әскери операция өткізу туралы шешім қабылдадым", – деген ол.
Сонымен қатар Ресей басшысы басты мақсат Украинаны оккупациялау емес екенін атап өткен.
Алайда 24 ақпан бейсенбінің таңертеңгі уақытынан бастап Укранинаның бірнеше қалаларында жарылыс болғаны хабарланған. Бұл қалалардың қатарында ел астанасы Киев те бар.
27 ақпан күні Украина делегациясы Беларусьтің Гомель облысында Ресеймен келіссөздер жүргізуге келіскені жазылған. Арнайы делегация Беларуське аттанған.
Сонымен қатар Ресейде төрт күннен бері Украинадағы соғысқа қарсы митингтер өтуде. 27 ақпанда Ресейдің 50 қаласында наразылық білдірген 2,5 мың адам ұсталған.