Түркістан облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырған 25 адам сотталды
Түркістан облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырып, елден 3 миллиард теңге жинағандарға қатысы сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қаржы пирамидасы бойынша Түркістан облысы полицейлерінің тергеуінде болған екі мыңнан астам жәбірленушінің ісіне нүкте қойылды. 2020 жылдан бастап «Evolution Corporation» мен «Индиго 24» ЖШС қаржы пирамидасына ақша салған азаматтардан полицияға арыз түскен. Олар республиканың 6 облыс пен қалаларының тұрғындары. Сол сәтте жасалған қылмыстың ауқымы ескеріліп, ҚР ІІМ-нің бұйрығымен қылмыстық іс Түркістан облысы Полиция департаментінің базасында жүргізіліп, тәжірибелі тергеушілер тобы құрылған болатын.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақыт бойы жалғасты. Жедел қолға алынған жұмыстар нәтижесінде қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстады. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді.
Тергеушілер қылмыстық топтың бірнеше жыл бойы салымшыларға ақшалары еселеп қайтатыны бойынша уәде етіп, тұрғындардан алаяқтық жолмен 3 миллиард теңгеден асатын қаражатты иемденгенін анықтады. Қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғаны, жоспарланған түрде әрекет еткені және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгені дәлелденді.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы, құрылтайшы болып саналатын 3 адам 12 жылға, ал олардың орынбасарлары болған 5 күдікті 10 жылға, қалған 17 күдікті 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Сотталушылардың ең үлкені 55 жастағы әйел болса, ең жасы – 31 жаста.