Түркістан облысында 49 және 47 жастағы екі әйел моншада ажал құшты
Түркістан облысында туысының үйіне қонаққа келген апалы-сіңлілі екі әйел моншадағы улы газға тұншығып өлген деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, оқыс оқиға Ленгер қаласында орын алған. Моншасы бар туысының үйіне қонаққа келген 49 және 47 жастағы әйелдер суға түспек болыпты. Жуыну орнына кірген екеуі ұзақ уақыт шықпай қойған.
Артынан іздеп кіргендер олардың ес-түссіз сұлық жатқанын көреді. Алайда бірден көмектесу мүмкін болмапты. Апалы-сіңлілі әйелдер сол жерде жантәсілім еткен. Олардың улануына моншаға қойылған газ бағанасы себеп болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, түтін шығатын мұржа сыртқа қарай тартылмаған. Сол себепті улы газ моншаға толып кеткен. Қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірген Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бақытжан Зафаров өңір тұрғындарын сақтық шараларын сақтауға шақырып, оның аса маңызды екенін сөз етті.
"Біз көбінесе жылыту қондырғыларын, үйді жылыту жүйесіне мән береміз де, ал монша, ваннадағы қондырғыларға мән бермейміз. Қазір статистикаға қарасаңыз, екі жағдайда &ndash ваннада, моншада уланып жатыр. Осыған мән берсе дейміз", - деді Бақытжан Зафаров.