Түркі әлемінің жастары Түркістанда бас қоспақ...
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде (ХҚТУ) 2015 жылдың 29-30 сәуір күндері «Түркі әлемі жастары мен студенттерінің» Халықаралық І фестивалі өтеді.
Тұңғыш өткелі отырған фестивальге түркі дүниесінің 16 мемлекетінен 28 ұлт пен ұлыс жастары қатысады. Сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі), Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), Түркі халықтарының мәдени қоры, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығы өкілдері келеді.
Ұлт көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алматы қаласында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) I Саммитінде сөйлеген сөзінде: «Жастар арасында спорт ойындары мен театр фестивальдарын жиі ұйымдастырған жөн деп санаймын» дегені мәлім. Ал, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің ІІ Саммитінде (Қырғызстан), Елбасы Н.Назарбаев ең бастысы, бүгінгі таңда түркі мемлекеттері жастары арасында «Түркі әлемі» дейтін маңызды түсінікті қалыптастыру керектігін атап өткен болатын.
Алматы қаласында өткен Түркі кеңесінің І саммитінде «Алматы декларациясы» (Алматы, 2011 ж. 21 қазан) қабылданып, қол қойылған болатын. Декларацияның Әлеуметтік және мәдени мәселелер саналатын бөлімінде: «Түркі Университетаралық Одағының құрылуын құптады, сол секілді жобалар ғылыми мекемелер, оқу орындары және ғалымдар арасындағы қатынастарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ, университет студенттері тәжірибесін байытуға жәрдемдесетінін атап өтті».
Шара мақсаты Түркі дүниесі жастарының қарым-қатынастарын нығайту және түркі тілдес халықтарының ортақ тарихы мен түркі дүниесі құндылықтарын қалыптастыру. Қазақстан халықтар Ассамблеясының 20 жыл толуына орай түбірі бір түрік халықтарының жастарының басын біріктіріп, түркі тілдес елдердің ұлттық аспапты орындау шеберлігін, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық киімдерін насихаттау.
Асқат Сәдібеков,
университет баспасөз қызметінің жетекшісі