Түрік ағайындар қасіретке тап болды
Су тасқынының астында қалған Ыстамбұлда табиғи апат салдарынан қаза тапқандар қатары әлі де көбеюі мүмкін. Соңғы мәлімет бойынша, айтпай келген апаттан 31 адамның өмірі қиылса, тағы оннан астам адамның тағдырынан хабар жоқ. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Түрік метеорологтарының мәліметінше, мұндай алапат тасқын соңғы сексен жылда тұңғыш рет болып тұр. Өткен сейсенбіден бастап толассыз жауған жаңбырдан қаланың әр шаршы метрін 200 литрден астам су басты. Кісі бойынан асатын топанның ағыны біраз ғимаратты құлатып, көпір-жолдарды шайып кетті. Су астында қалған көліктерде есеп жоқ. Елдің солтүстік-батыс өңірлерінде тұрғындардың кейбірі үйлерінде отырып-ақ тасқынға тұншығып өлді. Тажалмен арпалысқан жүздеген адам ауыр жарақат алған. Ел тарихындағы ең қуатты су тасқынын экологтар ғаламдық жылыну құбылысының нәтижесі деп отыр. Ал синоптиктер болса, таяу күндері нөсер жауынның тағы қайталанатынын айтады. Соған қарағанда, апат қаупі әлі де күшейе түспек. Қазірдің өзінде Ыстамбұлға тасқын әкелген шығын шамамен 80 млн доллардан асады.
Ыстамбұлда қазақ диаспорасы да шоғырланған. Әзірше олардың табиғи апаттан зардап шеккендердің арасында бар-жоғы белгісіз. Ал Түркияға қыдырып барған Қазақстан азаматтарының ішінде тасқын құрбаны болғандары жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров еліміздің Түркиядағы бас консулдығының мәліметтеріне сүйеніп, хабарлады. Ол таратқан мәліметке сәйкес, апат әзірше Ыстамбұлдағы Қазақстанның бас консулдығының жұмысына кедергі келтірмеген.