Төрт тілді сөздік жарық көрді
Қазақ, ағылшын, неміс, орыс тілдеріндегі «Техникалық сөздік» жарық көрді. Бұл – техника ғылымының докторы, профессор Райымқұл Құдайбергеновтің бірнеше жылғы табан ақы, маңдай терінің жемісі. Автор 666 беттен тұратын еңбегін «бір кітапқа енгізілген төрт сөздік» деп бағалайды.
Райымқұл Құдайбергенов әуелі техникалық сөзқұрамдарды неміс тілінен қазақ және орыс тілдеріне аударады. Сондай-ақ жаһанның ортақ игілігіне айналған ағылшын тілін де ұмыт қалдырмау қажет еді. Осы тілдің негізгі ережелерін игеру мақсатымен ғалым 2,5 жылға АҚШ-қа барып, Вестерн Кентукки университетінде дәріс алады әрі сонда сабақ береді. Ақырында бұрын-соңды қазақта болмаған төрт тілдегі сөздік дүниеге келеді.
Райымқұл ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Осыдан 22 жыл бұрын Германияның Дортмунд университетіне тәжірибеден өтуге барып, сонда қалып қойдым. Сондағы Оренштайн және Коппель зауыттарында құрылыс машиналарын пайдалану жөнінен сарапшы болып қызмет атқардым. Неміс тілін тереңдете игеруге ден қойған болатынмын. Сол жылдары алғаш осы сөздікті құрастыру туралы ой келген еді. Өкінішке қарай, қазақтың техникалық тілі әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Біздегі барлық техникалық оқулықтар, негізінен, орысша болып келеді. Мен қолымнан келгенше осы олқылықтың орнын толтыруға тырыстым. Менің сөздігімді пайдаланып, қазақша техникалық оқулықтар жазылып, олардың қатары артады деп сенемін.