Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Франция арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде Ақорда жазады.
Келісімге сәйкес тараптар қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты кез келген іс жүргізуде бір-біріне барынша кең көлемде құқықтық көмек көрсетуге міндеттеледі.
Келісім жеке өмірге қол сұғылмаушылықты, хат алмасу құпиясын, тергеуге және өзара көмекке уақытша берілген адамдарға процессуалдық кепілдіктерді қарастырады.
"Франциямен құқықтық көмек көрсету туралы келісім біздің елдеріміздің құқық қорғау органдарына күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін дәлелдемелерді алуға, соның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражат пен басқа да мүлікті тұтқындау мен тәркілеуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті бас прокуратура.
Сонымен қатар, Францияның арнайы органдары сұраныс бойынша Қазақстаннан заңсыз алынған және экспортталған мүлікті анықтап, тәркілей алады.