Теміртаулық дизайнер киізден қазақтың ұлттық көйлегін басып шығарды
«Ел іші – өнер кеніші». Теміртау қаласының жас сәнгері қазақтың ұлттық көйлегін киізден басып шығарды, деп хабарлайды 24.kz.
Сәнді әрі замануи көйлек қазақ елінің сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Жас дизайнер Владислав Козлов облыстық байқауда үздік атанды. Ұлттық оюлармен безендірілген көйлек облыстық байқауда ең үздік туынды деп танылды.
Владислав және оның жетекшісі ұлттық көйлекті екі аптаның ішінде басып шығарған. Әдемі көйлекке небәрі үш келі жүн, бір шелек су жұмсалыпты.
Ұлттық нақышта жасалған көйлек ою-өрнектер, рәміздермен көмкерілген.
«Бұл көйлек хронологиялық суреттермен безендірілген, ежелгі Қазақстан және жаңа Қазақстан. Көйлектің алдыңғы беті жаңа Қазақстан тақырыбында, мынау бәйтерек, ал екінші жағында ежелгі Қазақстан суреттелген, киіз үйлер тігілген. Мына тұста бір шаңырақтың айналасына жиналған адамдар, бұл қазақ елінің бірлігін көрсетеді», -дейді жаңа туынды авторы Владислав Козлов.
Надежда Ахаева 20 жыл бойы мектепте дизайн үйірмесінен сабақ береді. Соңғы екі жылда шебер киіз басумен айналысуда. Бұл салаға мектеп оқушылары да үлкен қызығушылық танытып отыр. Бүгін үйірмеде киізді дымқыл түрде басу сабағы өткізілді. Надежда бірер минуттарда киізден әдемі әшекей дайындап шығарды.
«Ал ұлттық нақыштағы көйлекті киізден басып шығару ұстазымның идеясы», - дейді Владислав.
«Мен бұл байқауда мұндай ұлттық көйлекті ешкім жасамайтынын білдім, өйткені киіз басу қолөнері қазақ елінде көнеден келе жатқан өнер. Бірақ қазір оны заманға сай етіп әзірлеп жатқандар аз, енді ғана дамып келеді. Сондықтан бұл идеямыз бізге ұтымды болды», -дейді Теміртау қаласы №16 мектебінің бейнелеу өнері оқытушысы Надежда Ахаева.
Бұл жас дизайнердің шығармашылығындағы ең алғашқы жетістігі. Владислав болашақта сән әлемінде атақты болуды армандайды. Сондықтан 9 оқушысы шығармашылық ізденіс пен қажырлы еңбектен жалықпайтынын айтады.