Телефонмен сөйлесіп отырған: Алматы облысында телефон жарылысынан көз жұмған қыздың өлімі
Алматы облысында 15 жастағы қыздың өлімі жайлы жақындары айтып берді. Оқушы қыз телефон жарылғандықтан тоқ соғып көз жұмды, деп хабарлайды КТК арнасы.
15 жастағы Ақерке кешкі астан соң өз бөлмесіне кіріп кеткен. 10 минуттан соң оны жақындары ессіз күйде тапты. Мамандар Ақеркенің телефон жарылысынан жүрегі жарылып кеткенін айтады. 
 
"Қызым телефонын тоққа қойып, сөйлесіп жатқан. Сол уақытта телефон жарылған. Дәрігерлер жүрек қарыншаларының фибрилляциясы деп диагноз қойды. Беті, құлағы, мойны күйіп қалған", - деді Ақылжан Өмірбаев. 
Сарапшылар смартфон мен зарядтағышты техникалық тексеруге алды.
Марқұм қыз қуаттағышты жергілікті базардан 3000 мың теңгеге сатып алған екен. 
"Көбінесе бұл сапасыз қуаттағыш жарақтарын пайдалану, құрылғының өзі дұрыс жұмыс жасамау салдарынан болады. Сонымен қатар, жасырын зауыттық ақау болуы мүмкін", - деді телефон жөндеуші. 
Бұған дейін 15 жастағы қыздың тоқ соққысынан көз жұмғанын хабарлаған едік.