Текеліде тағы жер сілкінді
Кеше Текеліде тағы жер сілкінді. Энергетикалық класы К-9,6 болатын жерасты дүмпуінің күші МSК-64 шкаласы бойынша 3 балл болды. Бұл жолғы жер сілкінісінен ғимараттарға нұқсан келген жоқ.
Өткен жексенбіде болған зілзаладан 200-ден астам нысанға сызат түскен еді. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталовтың айтуынша, оларды жөндеуге 250 млн теңгеге жуық қаржы қажет. Мұны зілзала шығындарын есептеу мақсатымен құрылған штаб мүшелері анықтады. Қажет қаражат облыс бюджетінен бөлінетін болады. Айтарлықтай зақым келген ғимараттардың дені өткен ғасырдың орта шенінде тұрғызылған. Олардың қатарында мектеп, қарттар үйі мен сегіз пәтерлік үш баспана бар. Мамандардың сараптамасынан соң бұл нысандарға жөндеудің қандай түрі жасалатыны белгілі болмақ. Әзірше штабқа зілзала зардабын айтып, 250 адам көмек сұрап келген. Олардың жазбаша өтініштері есепке алынды. Баспаналарының құлап кету қаупі бар тағы бір топ тұрғын коммуналдық меншіктегі үйлерге көшірілетін болды. Қазіргі уақытта облыс басшылары текеліліктерге жәрдем беремін деушілер үшін арнайы есепшот ашты. Оның нөмірі төмендегідей:
№ 004700801 Талдықорған қалалық филиалы Текелі бөлімі
«БТА Банк» ААҚ
БИК 194101303
СТН 531500001296
КБЕ 18, КНП 840
Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, есепшотқа алғаш болып әкім аппараты қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударған.