«Тәуелсіздік толғауы» тың туындыларды анықтамақ
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ІІІ республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауын өткізгелі отыр. Шығармашылық байқауы ел Тәуелсіздігінің тарихи маңызын көркем тілмен асқақтататын жаңа туындыларды анықтамақ.
Байқау заман талабына сай келетін драмалық және музыкалық шығармалардың жазылуына жол ашып, отандық авторларды қолдауды, республика театрлары мен концерттік ұйымдар репертуарларын жаңа туындылармен толықтыруды, өнер туындылары арқылы қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыруды көздейді. Үздік көркем туындылар мына аталымдар бойынша іріктеледі: 1) жастар аудиториясына арналған ең үздік музыкалық-драмалық көлемді шығарма (мюзикл, рок-опера, опера, балет); 2) қуыршақ театрларына арналған ең үздік драмалық шығарма; 3) қазақ халық аспаптарына (қобыз, домбыра, сыбызғы) арналған кіші көлемді ең үздік шығарма (күй); 4) хорға арналған ең үздік шығарма; 5) ең үздік балалар әні. Байқауға белгіленген аталымдар шеңберінде жеке авторлардың немесе авторлық ұжымдардың шығармалары қабылданады. Ұсынылатын шығармалар бұрын-соңды орындалмаған, жарияланбаған және конкурстарға қатыстырылмаған жаңа шығарма болуы керек. Авторлар бір немесе бірнеше аталымға қатыса алады. Әр аталым бойынша автор тек бір ғана шығарма ұсынуы керек. Конкурсқа кәсіби композиторлар мен әдебиетшілер қатысады. Олардың жас шамасына шектеу қойылмайды. Байқау Тәуелсіздік күні қарсаңында қорытындыланады. Құжаттар 2012 жылдың 15 қазанына дейінгі мерзімде мына мекенжайға жіберілуі тиіс: 010000, Қазақстан, Астана қаласы, Абай даңғылы, 18-үй, «Қазақ әуендері» АҚ, тел: 8 (7172) 39-01-40, факс: 8 (7172) 39-05-14.