Тастағы жазулар көзден таса қала бере ме?
Қазақ даласының қадым заманнан бергі қалың қатпарлы тарихы бар. Есте жоқ ескі кезеңдерде біздің кең-байтақ жерімізді ежелгі адамдар мекен еткен көрінеді. Көне заманның көзі тірі куәсі саналған киелі орынның бірі қарт Қаратау екені белгілі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жердегі адамдар бағзы заманнан бері қоныс етіп келеді. Шамамен 500 мың жылдай бұрын осы маңда адамдар тіршілік еткенге ұқсайды. Осы кезеңнен қалған ескерткіштер де баршылық. Қаратау қойнауында тасқа салынған суреттер жетіп-артылады. Өкініштісі: «сол бағалы байлығымыз бен қымбат қазынамыздың қаншалықты қадіріне жете алдық» деген сауал көкейде жиі қонақтайды. Шынында да, біз осындай тарихтан тамыр тартқан, түп-төркінімізді түгендейтін, талай кезеңнің шежіресін тарқататын көне жәдігерге өз деңгейінде назар аударып жүрміз бе? Әрине, біз бұл бағытта енді-енді ғана жұмыстар жүргізіп келеміз. Тіпті қаншама томға жүк болатын істің алғашқы парақтарын ашып отырған секілдіміз. Болмаса, сол тарихи дүниелерге байланысты зерделі зерттеу жүргізер едік-ау. Бұл әзірге біздің тек қиялда жүрген ойларымыз болып тұр. Қаратау қойнауындағы қымбат қазынаға әлі де түрен салына қойған жоқ.
Ғылым тілінде тасқа жазылған жазулар петроглиф деп аталады. Әлем ғалымдары оның пайда болу кезеңін соңғы палеолиттің кейінгі шағымен байланыстырады. Мұндай дүниелер жер-жаһанның бірқатар елдерінде көрініс береді. Мәселен, Еуропа құрлығының – Швеция, Норвегия, Италия, Португалия, Испания, Азияда – Үндістан, Пәкістан, Қытай, Корея, Жапония, Арабия аумағында, Американың – Канада, АҚШ, Аргентина, Чили, Бразилия және Австралияда да кездеседі.
Қысқасы, төрткүл дүниенің төрт бұрышынан мұндай орындар көзге ұшырасады. Осындай орындар ТМД елдерінің аумағында да бар. Атап айтқанда, Қап тауында, Орта Азияда, Сібірде, Оралда, Қиыр Шығыста көрініс береді. Қысқасы, петроглиф адамзат мәдениетінде маңызды құбылыс екенін аңғару қиын емес.
Шындығын айтқанда, бұл дүниелерді өнер туындылары ретінде қарауға әбден болады. Есерткіштердегі сызбалар сан түрлі тәсілдермен қашалып, оған көп бейнелер салынған. Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген тәрізді. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жол-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді.
Қазақстанда тау-тасына қашалған 200-ден астам бейнелер бар. Солардың қатарында Сыр өңірінің Шиелі ауданында орын тепкен Сауысқандық жотасындағы суреттер саналады. Бұл маңда мұндай ескерткіштер өте мол. Ауқымы да үлкен. Археолог Мадияр Елеусінов бұл жотадағы тасқа қашалған таңбалардың молдығы әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспейтінін айтады. Алайда Қаратау қойнауындағы көне жәдігерлердің насихаты өте кемшін түсіп тұр.
Жалпы, бұл өңір – көне заманның түп-тамырына үңілетін археолог ғалымдарға әлі де ашылмаған арал тектес. Себебі аталмыш орындарға күні бүгінге дейін өз деңгейінде назар аударылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ғалымдар білек сыбана кірісе қоймады деуге болады. Оның түрлі себептері де баршылық. Кезінде қаражат жоқтығы қолды байлады. Осының салдарынан жұмыс кейінге ысырылып келеді. Бұл қашанға дейін созылмақ? Әзірге бізге белгісіз.
Одан қалды, көне ескерткіштер адамдар тарапынан да жойылып барады. Ғалымдар ескі жәдігерлердің оннан сегізі жұмыр басты жандардың қолынан бүлінетінін тілге тиек етеді. Қалғаны табиғаттың әсерінен бастапқы бейнесін жоғалтады екен. Өкінішке қарай, Сауысқандық жотасындағы тастағы жазбалардың біршамасын адамдар қолмен қиратып бүлдірген. Тау басына барған жандар өткеннің ескі шежіресінің бағасын білмейді. Тасқа қашалған суреттерді қорғаудың орнына өз «қолтаңбасын» да қалдырып кетуді дұрыс көреді. Олардың үстіне өздерінің аты-жөнін баттитып жазғанды өзіне «мәртебе» санайды. Осыған қарай отырып, бұл тастағы жазбалар неге арнайы қорғауға алынбай отыр деген ой туады.
Дәурен ӘБІЛДАШЕВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Қазақстандағы петрографиялық зерттеулер өткен ғасырдың 20-жылдарынан басталды. Осының нәтижесінде тастағы біршама жазбаларға назар аударылып, ғылыми тұрғыда баға берілді. Атап айтқанда, Арпаөзен, Баянжүрек, Ешкіөлмес, Қаратау, Қойбағар, Майдантал, Мойнақ, Теректі-әулие секілді жерлердегі жазбаларға осындай зерттеулер жасалған. Дегенмен оны өз деңгейінде орындалды деуге келмес. Әлі де жан-жақты таразыға тартуды қажет етеді.
Петроглифтік дүниелер өнерінің мәні терең, бейнесі мазмұнды болып келеді. Ежелгі замандағы адамдар аңыз әңгімелерге ден қоя отырып, мифтік бейнелерді де тасқа қашай білген. Сондай-ақ қоршаған ортаға қатысты көріністерді де көз алдына келтіреді. Өркениетті елдерде мұндай бағалы байлық әлдеқашан өз бағасын алған. Оған қаншама уақыттан бері тарихи туынды ретінде қарап, мемлекеттің өз қамқорлығы жасалады. Өкініштісі, біздің елімізде бұл саланың тыныс-тіршілігі бізді күмәнді ойға қалдырады.
Көне замандағы ата-бабаларымыз бізге қандай сырларды айтқысы келді екен? Біз оны қаншалықты түсініп жүрміз? Қаншама ғасырдан бері желдің өті мен толассыз жауын-шашынға шыдас берген құндылықты бүгінгі заманда қолдан бүлдіріп жатқанымыз қалай? Өткеннің шежіресіне үңілеміз десек, бұл бағытта неге зерделі зерттеулер жүргізбейміз? Оны қазіргі ұрпақ санасына сіңіру үшін арнайы бағдарлама қабылдауымыз қажет шығар. Болмаса, өркениетті заманға бет бұрған осы шақта бұрынғы бағалы дүниелерді көз алдымызда жоғалтып алуымыз ғажап емес…