Тарих таңбаланған тасқа тіл бітсе, не дер еді?!
Сарыарқаның сайын даласы ішін тартып, талай тарихты бүгіп жатыр. Дарқан далаға тіл бітсе, не дер еді? Көшпелілердің көшелі мәдениетін, өрелі өнерін, тереңге тартқан тарихын паш етер еді. Сөз жоқ, сөйтер еді! Қазақ үшін қастерлі саналған қасиетті қорымдар, таңбалы тастар, кесенелер де – көненің хабаршысы. Диалектика заңы бойынша өткендi егжей-тегжейлi бiлiп алмай, бүгiнгiге баға берiп, келешектi пайымдау, яғни өткеннiң жетiстiгi мен кемшiлiгiн, озығы мен тозығын танып, оны осы күнмен, алдағы болашақпен байланыстырмай, зиялы, көркейген ел болып қалыптасу мүмкiн емесi белгiлi. Сондықтан халықтың болашағын ойлау мүддесiнен туындайтын тума тарих пен рухани мұраларды шынайы бағалау – қазiргi кезеңде қоғамдық талап. Қағидаға айналып, бұл әрi ұлттық тәрбиенi, қоғамдық сана-сезiмдi жетiлдiретiн тарихи зерделiлiктi, бiрiздiлiк пен сабақтастықты қалыптастыратын қажеттiлiк ретiнде танылуда.
Демек, сонау ескi кезеңдерден қалған көненiң көзi, тарихтың жетiле түсуiне негiз болған, ежелгi далалық құндылықтардың шығу төркiнiн жан-жақты түбегейлi зерттеу, сонымен бiрге олардың қазiргi қоғамдағы көрiнiсiн, iзiн тану – архелогияға тән ерекшелік.
Ұраны – Алаш, керегесi – ағаш, қарға тамырлы, киiз туырлықты ата-бабаларымыздың басынан өткерген тарихының кей дәуiр-кезеңдерiнiң назардан тыс қалған қалтарыстарына жiтiрек ден қоя үңiлсек, тауы да, тасы да, сонау есте жоқ, ескi кезеңдердегi ғасырлар қойнауынан, әлiмсақтан сыр тартқандай сөйлеп қоя беретiн шежiресi тұнған халықпыз.
Сөз жоқ, қазiргi отандық тарих саласындағы басты тенденция сақ, скиф, ғұн тарихын тану арқылы өзiнiң бастау көздерiн айқындау мәселесi болып отыр. Ендеше, ен даламыздан табылған дүниенің бiздi қызықтырмай, өзiне мойын бұрғызбай қоймайтыны кәдiк.
Сарыарқаның сыр тұнған даласынан бұрнағы жылдары екі бірдей Алтын адам табылғанда бұл топырақтың қадірін одан әрі асыра түскен-ді. Орталық Қазақстандағы шоқтығы биік аймақ, тарихи құпиялы қастерлі Қарқаралы өңірі бауырында дамыл тапқан екі бірдей Алтын адамды Алашқа бере салды.
Баға жетпес тарихи құнды жәдігерлер дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың кіндік қаны тамған және оның есімі берілген елді мекендегі археологтар шартты түрде «Талды – 2» атап жүрген қорымындағы жеті сақ патшасы қорғандарының бірінен қазба жұмыстары кезінде табылған-ды.
Мамандардың айтуынша, сақ дәуірінен қалған жеті қорымның бесеуі тоналған.
Жасыратыны жоқ, тастағы жазулар дегенде есімізге мектепте тарих мұғалімі римдіктердің, гректердің тасқа салған суретін оқытқаны түседі. Ол Кеңес Одағының күркіреп тұрған кезі. Онда қазақ тарихын оқыту атымен жоқ. Сонда аузымыздың суы құрып, әлгі тастағы жазу-суреттерді қызықтайтынымыз бар еді. Сөйтсек, ол айдаладағы рим-гректерден бұрын өзіміздің ата-бабамыздан қалыпты. Қайдан білсін, оны бала-көңіл?! Бақсақ, қазақ даласы сыңсып тұр екен құпияға. Тасы да, тауы да, ел аузындағы жыр-аңызы да.
Өлкетанушылар таңбалы тастардың Сарыарқаның үлкенді-кішілі тауларында көптеп кездесетінін айтады. Ақтоғай ауданындағы Желтауда, Қарқаралының Жаңатоған аулы сыртындағы Кестелі таста, Мыржықта, Баянауыл жақ бетіндегі Желтаудағы суреттер солардың бір парасы ғана деседі.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Түрлі петроглифтер, пиктографиялық жазулар қазақтың тарихын кеңестер одағының құрылуынан бастайтын көрсоқырлардың көмекейіне қорғасын құятын айғақ болғаны рас. Әйткенмен, олардың сырын ұғынуға талпынған жан сирек. Біле-білсек, бұл қатпарлы, қалың тарихтың бір-бір парақтары іспеттес. «Бiздiң тарих – бұл да бiр қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бiрақ-тағы!» (Қадыр Мырза-Әлі). Ашық аспан астындағы мұндай таңбалы тастар-жәдігерлер жапанда иесіз жатыр. Содан болар, тылсымға толы қойтастарды әркім қолжаулық қылады. Өзінің, я ғашығының есімін жазып, айғыздап кеткенін де көргенбіз. Одан бөлек ашық аспан астындағы көне қалалар, мавзолейлер мен кесенелерді де қорғайтын арнайы жүйе жоқ бізде. Тым болмаса дамыған елдегідей ескертпелер жазып, қоршауға алынса деген тілеу бар. Табиғаттың тосын мінезінен аман қалған олар адамның парықсыздығынан құрып кетпесе игі. Өйткені бұл байғұстар қорғаусыз. Назардан тыс қалып отыр. Назардан тыс қалатыны – басты қамқоршылардың жоқтығында. Айына, болмаса жылына бір келіп, бой көрсететін мамандар қолының ұзындығы шектеулі.
Осындай дүниелердің зерттелуіне не кедергі? Қайткенде мұның өрісі кеңеймек? Тарихшылар көп дүниенің көзден таса қалуын өз ісіне адал мамандардың аздығымен байланыстырады.
Нұртас БІРЛІКБАЙҰЛЫ, тарихшы:
– Бұл істе мәселенің бір ұшы – кадрде. Одан бөлек арнайы жүйе де қарастырылмаған. Яғни археологияның қазба жұмыстарымен айналысатын маманның қаттығы себеп. Тастағы жазуларды оқитын, түсінетін мамандар қажет. Онымен жатпай-тұрмай айналысатын кадр керек. Қажет болса, күзет қызметін құрса да артық етпес. Меніңше, бұл арада насихат жұмысының жоқтығы да жығылғанға жұдырық болып отырған сыңайлы.
Иә, бұл тастарда түбі бір, түркі тарихы бар. Тек зерттеуі кем түсіп тұрғанын жасырып неғылайық. Бір кездері полигон сынақ алаңына айналған өлкенің тасындағы таңбаларды атом бомбасы да өшіре алмапты. Сірә, Жаратқан қарға тамырлы қазақ түп-төркінін ұғынсын деп, сутекті сұмырайдан да сақтап қалған шығар. Олай болса, бабалар тасқа жазып кеткен тарихты тану – парыз. Оны зерттеу – міндет. Сыр тұнған, қайран Сарыарқа!