Талдықорғанда қоғамдық көлікте жүру ақысы арзандады
Жолаушылар енді бұрынғы 70 теңге орнына 60 теңге төлеуі тиіс.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл жанар-жағармай бағасының төмендеуінен туындаған жағымды жаңалық көрінеді. Бұрын қалада «Газель» маркалы шағын автобустар қатынайтын. Олардың шығынды өтеп, табыс табу үшін жанталаса жарысып, жол ережесін өрескел бұзатыны жасырын емес. Жылдамдықты үдетіп, кез келген жерге тоқтай салатын. Енді олардың орнын көп орынды, ыңғайлы автобустар алмастырып жатыр. Қазір қаладағы 27 бағыт бойынша 151 жаңа автобус қатынап жүр. Жақында тағы 15 автобус алынады. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай туғызылғанымен, кейбір жолаушылар жаңалыққа жатырқай қарауда. «Автобустардың интервалы алшақ, лық толы келе жатырмыз деген желеумен тоқтамай өте шығады деушілер де бар. Бірақ біз мұндай ұсақ-түйек кемшіліктерді жойып, міндетімізді мінсіз атқаратын боламыз», -дейді жолаушылар тасымалдау саласының басшылары.
Данияр Қанаев, жолаушылар тасымалдау орталығының директоры: – Бұл – жақсылықтың бастамасы. Сол жақсылықтың бастамасы болғанымен арыз-шағымдар түсіп жатады. Бірақ алдыңғы күнге қарағанда бүгін арыз-шағымдар саны азайды. Адамдар үйреніп келе жатыр. 1-2 жетінің ішінде бәрі орнына келеді деген ойдамыз.