Сусамырды емдеу нәтиже бермей тұр
«Қазақстанда сусамыр ауруынан қайтыс болатындардың қатары күн санап өсіп келеді. Ал аурудың алдын алу шаралары мен оған қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі төмен». Кеше Алматыда қант диабетінің еліміздегі жай-күйіне арналған баспасөз мәслихатында дәрігер мамандар осындай пікір айтты.
Осы жылдың жаз айында Қазақстан Республикасы диабет қауымдастығының бастамасымен еліміздің барлық аймағында азаматтарды диабет ауруына тексеру шарасы жүргізілді. Аталған скрининг барлығы жарты миллион адамды қамтыды. Сонымен бірге он мың адамның қан құрамындағы глюкоза мөлшері тексерілді. Зерттеу нәтижесінде тексерілгендердің 6 пайызының қанынан қанттың жоғары мөлшері байқалған. «Міне, бұл елімізде диабет ауруының асқынып тұрғанын көрсетеді», – деді жиында сөз алған Қазақстан Республикасы диабет қауымдастығының президенті Наталья Тукалевская. Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2009 жылдың 1 қаңтарында ел бойынша медициналық мекемелерде «қант диабеті» ауруымен жалпы 162 012 адам тіркеуде тұрған. Оның ішінде бірінші типтегі ауруды жұқтырғандардың саны – 12 113, екінші типтегі диабет аурумен ауыратындардың саны – 526 адам. Ал бірінші шілдеде бұл көрсеткіш 170 мыңнан асқан. Сондай-ақ 2008 жылы қатерлі ауруға шалдыққан балалардың қатары 22 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш әлі түсер емес. Баспасөз мәслихатына қатысқан мамандардың айтуынша, бізде қант диабетін ерте анықтау жұмыстары жүргізілмейді. Дәрігерлер ауру асқынғанда барып азаматтарды емдеуге кіріседі. Екіншіден, бізде бұл дертті емдейтін мамандар тапшы. Оларды тек қалалық жерлерден ғана табуға болады. «Сондықтан көп жағдайда қант диабетімен ауыратындар дәрігерлерге қаралмай, өздерімен-өздері қалып жатады. Қазір аурудың екінші типімен ауыратын балалардың да саны артып келеді. Бұл – болашағымыз үшін өте қатерлі жағдай», – дейді Н.Тукалевская.