ШҚО-да 9 кәсіпорын EXPO-2017 көрмесінің құрылысына қатыспақ
Шығыс Қазақстандағы 9 кәсіпорын EXPO-2017 көрмесінің құрылысына қатысатын болды.
Өскеменде өткен Халықаралық көрмеге аймақтағы құрылыс материалдарын дайындайтын зауыттар өз өнімдерін ұсынды. Шара кезінде өңірдің туристік әлеуетін жетілдіруге бағытталған жұмыстар халық назарына ұсынылды
Мына қабырғада ілінген ұлттық нақышта жасалған материалдар көпшіліктің назарын аударады. Ағаш бетіне түскен ою-өрнектер құрлыста әрлеу жұмыстарына пайдаланылады. 3 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан цехта 10 адам бар. Өндіріс орны әзірге қалада жалғыз. Болашақта ЕХРО 2017 сынды іргелі көрмелердің құрылысына қатысып, кішкентай цехтан маңдай алды кәсіпорынға айналуды көздеп отыр.
Кристина Тюпина, цех менеджері:
- Біз Қазақстанда тұрамыз, сондықтан ұлттық салт-дәстүрге мән бере отырып, отандық өнімді жетілдіргіміз келеді. Сол үшін қалада ең бірінші болып ұлттық нақышта құрлыс материалдарын жасауға бел будық.
Шараға бұдан бөлек сым, цемент, тас мақталар, полиэтилен құбырларын шығаратын кәсіпорындар өз өнімдерін қойды. Олар күні ертең әлем көз тігетін ауқымды көрмеде бақтарын сынап көрмек ниетте. Сондықтан АstanaEXPO-2017 компаниясының бас мердігерлері елдегі бірнеше облыс пен қалаларда орналасқан кәсіпорын жетекшілерімен меморандумға қол қойды.
Алмаз Джаманбеков, Аstana EXPO-2017 Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:
- Осындай әріптестік елдегі ірі де маңызды жобаны жүзеге асыруда шағын және орта бизнесті тартуға мүмкіндік беріп, EXPO-қалашығын салу барысында қазақстандық өнімдерді қолдану үрдісін қамтып, аймақтардың дамуына үлес қосады.
Өңірдің туристік саласы да көрменің сәтті өтуіне өзіндік үлес қоспақ. Бұл тұрғыда аймақтың туристік әлеуеті жылдан-жылға жетіліп келеді, - дейді мамандар. Әсіресе Қытай елінен Шығыс Қазақстанға тынығуға ниет білдіргендер саны артып келеді. Жалпы алғанда облыстағы демалу орындары мен шипажайлар бір мезетте 20 мың адамды қабылдауға мүмкіндіктері бар.
Альмира Бекдайрова, туристік фирманың директоры:
- Шығыстың табиғаты өте бай болғандықтан және адамдары қонақжай болғандықтан жан-жақтан Жапония, Америкадан делегаттар келеді. Бәріне қызығып, туристік базаны көреді. Алакөлдің шипа суына, Арасанның ыстық суына бәріне таңқалалы.
Халықаралық көрмеге Қытай, Ресей, Корея елдерімен қоса Қазақстанның барлық аймақтарынан делегаттар қатысты. Жалпы тараптардың келісімінде EXPO нысандары құрлысына құны 56 млрд теңгеге болатын 58 отандық өндірушінің өнімін қолдану көзделген.
Авторлары: Зәуре Елдартқызы, Аслан Төлепов