Спутник V вакцинасының теріс әсері тіркелді
Аргентинада ресейлік «Спутник V» вакцинасын қабылдаған екі адамның тромбоциттері азайып, қансырау жағдайы тіркелген, деп жазады qazaqtimes порталы.
Аргентинаның Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған есепте жалпы 1,5 млн дозаның жанама әсері жазылған. Аталған екпеден кейін 23 804 жағдайда жанама әсер тіркелген. Екпеден кейін дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, тұмауға ұқсас белгілер, укол салынған жердің ісуі сияқты белгілер байқалған.
Мәліметтер бойынша, ресейлік вакцинамен байланысты сирек кездесетін жеті жағдай тіркелген: жоғарыда айтылған тромбоцитопениядан бөлек, анафилаксияның бес жағдайы (қауіпті аллергиялық реакция) анықталған.
Бұған дейін «Спутник V» екпесін қабылдаған Аргентина президенті Альберто Фернандес коронавируспен ауырған. ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен соң ол оқшауланып, екі аптаға жуық Буэнос-Айрес маңындағы Quinta de Olivos президенттік резиденциясында болды. 14 сәуірде оның дәрігерлері Фернандестің сауығып, қызметіне оралатынын хабарлады. Бұл мәлімдемеден кейін халықты ресейлік вакцинаға деген күмәні артқан.
Бірақ Аргентина президенті «алаңдауға негіз жоқ, жаппай вакцинациялау жүргізілуі тиіс» деді. Ресей «Спутник V» вакцинасын толық клиникалық сынақтан өткізбей жатып жаппай вакциналауға рұқсат еткен болатын.
Мәскеудің бұл қадамы ел ішінде де, әлем елдері арасында да пікірталасқа жол ашып еді. Росздравнадзор басшысы Алла Самойлова бұған дейін «Спутник V» егілгендер арасында бірде-бір тромбоз анықталмады деп мәлімдеген. Ресей денсаулық сақтау министрлігі препаратты салғаннан кейін туындайтын жанама әсер жайлы статистика жариялаған жоқ. 9 сәуірде Словакия үкіметі де ресейлік екпеге күмән келтіретінін мәлімдеді. Себебі, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерде қолданылған вакциналар Словакияға жіберілген партиялардың сипаттамаларына сәйкес келмегені мәлім болды. Яғни вакцинаны сатып алу кезінде жасасқан келісімшарттағы толық мәліметтер келтірілген құжатты Ресей тарабы ұсынбаған. Деректердің шамамен 80%-ы жоқ. Словакия мен Венгрия Еуропаның дәрі-дәрмекті реттеу агенттігінің шешімін күтпей, Ресейден 2 миллион доза вакцина сатып алу жөнінде келісімге отырған.
Елге «Спутникті» жеткізуге байланысты келіспеушіліктер бір айдан бері жалғасып келеді. Төрт партиялық басқарушы коалициядағы серіктестердің қарсылығына қарамастан, сол кезде премьер-министр болған Матович жасырын түрде Денсаулық сақтау министріне Ресеймен келісім жасасуды және вакцина сатып алуды тапсырған. Нәтижесінде алты министр, оның ішінде премьер болған Матовичтің өзі отставкаға кетті.
Мамандардың пікірінше «Спутник V» вакцинасы коронавирусқа қарсы жұмыс істеуі Британияда шығарылған Oxford/AstraZeneca мен Бельгияда жасалған Janssen вакцинасына ұқсас. Яғни, жеңілдетілген сасық тымау вирусы арқылы коронавирустың бір бөлігін адамның имундық жүйесіне жеткізеді. Соның нәтижесінде адамның имундық жүйесі коронавирусқа қарсы күресуге қабілетте болмақ. The Lancet басылымы мамандардың зерттеу нәтижесін алға тарта отырып «Спутник V»-тің өнімділігін, қауіпсіздігі Pfizer, Oxford / AstraZeneca, Moderna және Janssen қатарлы коронавирусқа қарсы вакциналардың қатарына қоюға болады деген.
Қазақстанда аталған вакцина 1 ақпаннан бастап салына бастады. Дегенмен, «Спутник V» турасында азаматтардың пікірі әртүрлі.
Айта кетейік...
Сәуірдің басында Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі британ/швед компаниялары бірлесіп өндірген AstraZeneca екпесі егілген кейбір адамдардың ағзасында тромбоздардың пайда болуы екпемен байланысты екенін растады. 15 наурызда Нидерланд билігі AstraZeneca екпесінің жанама әсері туралы хабарланғаннан кейін, осы препаратпен халықты вакцинациялау процесін тоқтатып тастады. Ал оған дейін Ирландия, Исландия, Дания және Норвегия осындай шешім қабылдаған болатын. Мамандар AstraZeneca екпесімен қатар, бельгиялық Janssen (Johnson & Johnson брендіне тиесілі) компаниясы өндірген коронавирусқа қарсы екпеден бас тартуға шақырып отыр. Кеше АҚШ-та Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы мен Ауруларды бақылау орталығы Johnson & Johnson компаниясының вакцинасын қолдануды тоқтатуды ұсынды. Аталған екпені қабылдаған 6 адамда қанның ұюы тіркеліп, біреуі көз жұмған. Бірақ қанның ұюы нақты неден болғаны әзірге дәлелденген жоқ. АҚШ-та қазірге дейін тұрғындарға осы вакцинаның 6,8 миллион дозасы салынған.