Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне барлығы 5,6 миллиард теңге төленеді
Биыл Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жалпы сомасы 5,6 миллиард теңгеден асатын бір реттік материалдық көмек төленеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2015 жылы Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен соғыс мүгедектеріне және олармен теңестірілген адамдарға, тыл еңбеккерлері мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан Қазақстанның басқа да азаматтарына республикалық бюджетте 5 миллиард 690 миллион 183 мың теңге қарастырылған. Ардагерлердің Астана мен Мәскеу қалаларында өтетін мерейтойлық шараларға баруы үшін бюджеттен тағы 61,8 миллион теңге бөлінеді.
"Нақты айтқанда, бір реттік материалдық көмек келесі ретте қарастырылған: Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектерге – 100 мың теңге; Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектерге теңестірілген, Жеңіске үлес қосқан азаматтарға – 70 мың теңге; Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің жұбайларына, ата-аналарына, Ленинград қоршауында болған тұрғындарға және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлерде, геттолар мен өзге де мәжбүрлеп ұстау орындарында кәмелет жасына дейін тұтқында болғандарға – 30 мың теңге; тыл еңбеккерлеріне және Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектерінің жұбайларына, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі үшін оларға теңестірілген тұлғаларға – 25 мың теңге", - делінген министрліктің хабарламасында.
ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 16 қазандағы №1105 қаулысына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасында Жеңістің 70 жылдығына дайындық және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарында 50-ден астам іс-шара қарастырылған, оның ішінде әскери шерулер, акциялар ұйымдастыру бар. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін әлеуметтік қолдаудың қосымша түрлері: оларды газеттер мен журналдарға жазу, моншалар мен шаштараздардың, әлеуметтік таксилердің және тағы басқалардың қызметтерін ұсыну да қарастырылады.
Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектердің саны 5 037, Жеңіске қосқан үлесі үшін Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектерге теңестірілген тұлғалардың саны 1 434, соғыс кезінде қайтыс болған және із-түссіз жоғалып кеткен сарбаздар жесірлерінің саны 195, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектері мен оларға теңестірілген мүгедектер әйелдерінің, сондай-ақ, соғысқа қатысқандардың, партизандар мен астыртын жұмыс істегендердің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны төсбелгісімен марапатталғандардың, жалпы ауру, еңбек жарақаты нәтижесінде мүгедек боп танылғандардың, Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанкешті еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендері мен медальдерімен марапатталғандардың және Ұлы Отан соғысы жылдары тылда 6 айдан кем емес еңбек еткендердің саны 9870 адам болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында тыл ардагерлеріне 59 460 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілетіні хабарланған еді. Жеңістің 70 жылдығына орай Қызылорда облысының 7 мыңға жуық тыл ардагері жергілікті бюджеттен 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек алады. Бұл төлем Ұлы Отан соғысы жылдары, яғни 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамыры аралығында тылда жұмыс істеген азаматтарға беріледі.