Шетелдіктердің көмегінсіз-ақ бауыр ауыстыратын болдық
Алматы қаласында төртінші рет бауыр ауыстыру операциясы жасалды. Операция 13 сағатқа созылып, сәтті аяқталған. Отандық дәрігерлер жыл соңына дейін тағы бес бауыр ауыстыру және бірнеше жүрек ауыстыру операциясын жасамақ.
Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында тамыздың 25-і күні төртінші рет бауыр ауыстыру операциясы жасалды. Мамандардың айтуынша, бұған дейінгі операциялар шетелдік мамандардың қатысуымен өткен. Бірақ Еуропа мен Азияның түкпір-түкпіріндегі елдердің тәжірибесімен бөліскен отандық хирургтер төртінші операцияны шетелдіктердің көмегінсіз жасады. Тамыздың 27-сі күні өткен онлайн-кеңесте ҚР денсаулық сақтау министрі әріптестерін құттықтап, алдағы уақытқа бекітілген жоспарларымен бөлісті. Статистикалық мәліметтер бойынша, әлемде 1 миллионға шаққанда әрбір 10 адам жүрек ауыстыру операциясына мұқтаж екен. Ал елімізде жыл сайын 150-160 адамның жүрегін ауыстыру қажет. Бауыры ауыратындардың да саны аз емес. Дәрігерлердің айтуынша, Қазақстанда бауыр ауыстыру операциясына кезекке тұрғандардың саны 1200-ден асқан. Елімізде ең алғаш рет бауыр ауыстыру операциясы 2011 жылы 9 желтоқсанда Беларусь мамандарымен бірлесіп жасалған. Ал екіншісі биыл шілденің 28-і және үшіншісі шілденің 30-ы күні жасалды. Соңғы операцияларға жапон мамандары қатысты. Бұл жолы 52 жастағы ер адамға оның 37 жастағы әйелі донор болған. Операция 13 сағатқа созылды.
Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ, «А.Сызғанов атындағы хирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ бас директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:
Қараша айының соңы мен желтоқсан айының басына дейінгі аралықта екі бірдей бауыр ауыстыру операциясы тұр. Ал жыл соңына дейін тағы үшеуін жасауымыз мүмкін. Біз бір емес бірнеше операция жасауға бар күшімізді саламыз. Жапон хирургтерінің бұл жолғы сапары барысында біздің жеті маманның білімін көтеруге қатысты келісімшартқа қол қойдық. Жыл сайын біздің елден жүздеген маман шетелдерде оқиды. Сондықтан алдағы уақытта бір жылдың ішінде бұдан да көп операция жасаймыз деген үміттеміз.