Шетелдік мұрағаттарды зерделеуге ниетті
Биыл керекуліктер ғұлама ғалым, ақын, жерлесіміз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 155 жыл толуын атап өтуде. Осыған орай ғалымның 20 томдық шығармалар жинағы жұртшылыққа жол тартпақ. Бұл – өңір әдебиетінде бұрын-соңды болмаған оқиға.
Бабамыздың есімін елге әйгілеуде тер төккен ғалым Айтмұхамбет Тұрышевтің айтуынша, Мәшһүр Жүсіптің өмірі мен шығармашылығы әлі де болса егжей-тегжейлі зерттеуді талап етеді. Осылайша, павлодарлық ғалымдар даңқты жерлесіміздің мұрасын зерттеуге құлшынып, дабыл қағуда.
Айтмұхамбет ТҰРЫШЕВ, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі:
– Мәшһүр Жүсіп орыс әдебиетінің де қыр-сырын меңгерген. Сүбелі дүниелерді өз еңбектерінде қолданған. Ғұлама Құран Кәрімнен бөлек, қасиетті кітаптар Забур, Інжіл, Тауратты да парақтаған. Мұнда айтылған озық ойларды, пайымды пікірлерді өз еңбектеріне арқау еткен. Ж.Аймауытовпен жазысқан хаттарының өзі – бір төбе. Оның еңбектері 20 томнан да асып кетуі мүмкін. Зерттелмеген тұстары бар, шығармашылығы насихатты да талап етеді. Ресейдің, Өзбекстанның мұрағаттарын зерделеген дұрыс еді. Қолдың қысқалығынан республика төңірегінен алысқа ұзай алмай отырмыз. Әттең! Қолдағы бар дерекпен Мәшһүр Жүсіп шығармаларының 20 томдығын әзірледік. Ал алыс-жақын шетелдің мұрағаттарына барсақ, жинақтар саны отызға жетіп жығылуы әбден мүмкін.