Семейде автобус жүргізушілері шұңқыр жолдармен жүруден бас тартты
Семейде саяжайлардың бірінде автобус жүргізушілері жөндеу жүргізілмеген жолдармен жүруден бас тартты. Олар мұндай жолдармен жүрудің автобус үшін қауіпті екенін айтады, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Семейдегі "Мұрат" саяжай кооперативінің тұрғындары аялдамаға жету үшін 3 шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Бұл оқушыларға ауыр дейді тұрғындар.
"№39 және №11 мектептерде оқитын балаларға жақсы, себебі жеке автобус бар. №44 мектеп оқушыларына қиын, мектеп автобусы жоқ", – дейді жергілікті тұрғын.
Мұнда екі бағытта жүретін автобус жүргізушілері соңғы аялдамаға дейін барудан бас тартқан. Сөздерінше, асфальт қазір батпаққа айналған, сондықтан бұл автобустарға да қауіпті екен.
"Жолдың барлығы шұрық тесік. Бір автобус батып, бұзылып қалды. Асфальт опырылған. Әкімдікке хабарладық, олар бұл аялдамауға бармауға рұқсат берді", – дейді автобус жүргізушісі Андрей Шабанов.
Семейдің автокөлік жолдары және қоғамдық транспорт бөлімінде шұңқырларды тас аралас топырақпен жапқанын мәлімдеді. Бұл – уақытша шара, алдағы уақытта жөндеу жүргізіледі деп сендірді. Биыл жол жөндеу жұмыстарына бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген. Барлығы 100 шақырым жол, яғни 192 көшеде жөндеу жүреді.