Саябақтар күрделі жөндеуден өтеді
«Алматыда жыл соңына дейін өзен жағалауларының 24 шақырымы көгалдандырылып, 12 саябақ пен сонша субұрқақ күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл жұмыстар «Жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынды». Кеше шаһардағы экологиялық нысандарды аралап көрген қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Сұлтанбек Мәкежанов осылай деді.
Аталған экологиялық нысандарды жөндеуге және оларды абаттандыруға мемлекет қазынасынан үш жарым миллиардқа жуық теңге бөлініпті. Нақты айтар болсақ, он үш субұрқақты күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 230 миллион 662 мың теңге қарастырылған. Бүгінде ол қаржының 1 миллиард 206 мыңына келісімшарт жасалып, бекітілген кестеге сәйкес он бір субұрқақты ретке келтіру жұмыстары басталды. Ал жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған екеуінде, яғни Неке сарайы алдындағы және Төлебаев пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы субұрқақтарды жөндеу жұмыстары аяқталып, олар іске қосылыпты. «Жол картасы» аясында қолға алынған тағы бір жоба – қаладағы саябақтарды көгалдандыру. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын шаһарда «Алматы қаласының саябақтары» деген бағдарлама қабылданған болатын. Осы бағдарлама негізінде 12 саябақтың жобасы жасалып, оны жүзеге асыру үшін республика қаржысынан 1 миллиард 40 миллион 630 мың теңге бөлініпті. Қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, қазір бір саябақ пен 12 арнайы көгалды жерге жөндеу жүріп жатыр. Бұл қаржы жыл соңына дейін толығымен игеріліп, жоспарға сәйкес 12 саябақ ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар қаладағы Кіші Алматы, Шыбынсай, Ботбайсай және Есентай өзендерінің аңғарларын көріктендіру шараларына да республика қазынасынан қомақты қаржы қарастырылған екен. Бөлінген қаражатқа өзен арналары тазартылып, жасыл желектер отырғызылуда. Ал Есентай өзенінің Абай мен Шевченко көшесіне дейінгі аралықтағы жөндеу жұмыстары дағдарысқа қарсы іс-қимылдар негізінде жүргізіліп жатқандықтан, оған қажетті қаржы қалалық бюджеттен бөлінген. Бүгінге дейін аталған аумақ тазартылып, асфальт төселді. Қазір гүл көшеттері отырғызылып жатыр.
Сұлтанбек Мәкежанов, Алматы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:
– Жалпы, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша қалада 1848 адам жұмыспен қамтылды. Жүзеге асырылып жатқан шараларға отандық өнімдер пайдаланылуда. Бекітілген кестеге сәйкес бұл жұмыстар желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс болатын. Алайда оларды жоспардан ерте, яғни Қала күні қарсаңында аяқтауды көздеп отырмыз.