«Рэкет» қыз қолға түсті
Тараздық бозбалалардың атағы жер жарып, Астанаға дейін жетіп еді. Енді олардың қатарына қыздар қосылды. Жуырда мектеп инспекторы Тараз қаласындағы №2 орта мектептің 9-сынып оқушылары арасында ақша бопсалау фактісін анықтады.
Аталмыш мектептің инспекторы, полиция капитаны Асқар Беспаев Мирзоян көшесінде тұратын оқушы қызды соңғы екі-үш күнде мектепке ата-анасының алып келіп, алып кетіп жүргендігін байқаған. Инспектор осы оқиғаны назардан тыс қалдырмай, оқушының не үшін мұндай күйге түскенінің сырын ашты. Сөйтсе, сыныбындағы бір қыз оқушыларды қорқытып-үркітіп, ақша талап етеді екен. Осылайша үстемдік етіп жүрген «рэкет» қыз көп ұзамай-ақ қолға түсті. Облыстық көз ауруханасының алдында бопсалаушы қыз 17 мың теңге алу кезінде ұсталған. Бір таңғалдыратын жайт – бопсалаумен айналысып жүрген қыз бақуатты отбасында тәрбиеленген. Қазіргі таңда оның осы уақытқа дейінгі істерге қатысы барлығы анықталу үстінде.