Қызылжардың тарихи атауын қайтаруға не кедергі?
Теріскейдегі Петропавл мен Павлодар қалаларының атауын өзгерту туралы мәселе – бүгін ғана көтерілген дүние емес. Әсіресе Петропавлды Қызылжарға ауыстыруға барлық жағдай жеткен тәрізді еді. Алайда қоғам тарапынан, зиялы қауым өкілдері атынан дүркін-дүркін мәселе көтерілгенімен, қаланың тарихи атауын қалпына келтіру мәселесі түбегейлі шешімін таппай отыр. Тіпті мәселеге соңғы нүктенің қашан қойылатыны да белгісіз. Басқасын айтпағанда, бұған Парламенттің қос палатасындағы көзқарастың өзі ала-құла. Сонымен, мәселенің мәнісіне үңілсек...
Қызылжар атауын қайтару – уақыт талабы
Сәрсенбінің сәтінде өткен Мәжіліс отырысында тарихи қазақша атауға көшу мәселесін депутат Жарасбай Сүлейменов көтерді. Мәжілісмен Премьерден Петропавлдың атауын Қызылжар деп өзгертуге қатысты қозғау салып, мұны Елбасының алдына тіке жеткізуін өтінген еді. Бұл ретте депутат Петропавлдың түпкі атауы Қызылжар болғанына қатысты бірқатар деректерді де алдыға тартады. «Әріден бастасақ, 1663 – 1763 жылдар аралығында өмір сүрген «Елім-ай» дастанының авторы атақты Қожаберген жыраудың «Қызылжар» деген өлеңі табылды. Онда ақын «Көлденең көк Есілдің жарқабағын, әкеміз Қызылжар деп атап кеткен» деп нақ осы арада әкесі – Толыбай сыншының «Қызылжар» атты қыстауы болғанын жырлайды. Демек, сол кезде-ақ осы өңірді тұрғылықты халық Қызылжар деп атаған. Ал оның кейін дін апостолдары – Петр мен Павелдің есімдерімен аталып кетуі Ресейдегі патша өкіметінің отаршылдық және орыстандыру саясаты салдарынан болған», – дейді ол.
Депутат алға тартқан тағы бір дерек: Абылай хан 1759 жылғы 22 қазанда әскер шебінің командирі, полковник П.Роденге жазған хатында қазақтардың сауда-саттыққа араласуына жағдай жасау жөнінде өтініш білдіреді. Кейіннен Ресей өкіметі бұл тілекті қанағаттандырып, 1759 жылдың желтоқсанында далалықтармен сауда-саттық жәрмеңкесін ашу жөнінде жарлық шығарады.
Ел ішінде ол «Қызылжар жәрмеңкесі» деп аталады. Ал 1925 жылы коммунистік партияның бас газеті «Правдада» Петропавлдың Қызылжар болып өзгергенi туралы хабар жарияланған. Өйткені осы жылғы шiлденiң 18-iнде Ақмола губерниялық атқару комитетiнің (ол кезде Қызылжар осы губернияның орталығы болған) төралқасы Петропавлды ресми түрде «Қызылжар» деп атау туралы қаулы қабылдайды, оны Қазақ Республикасы орталық атқару комитеті бекітеді. Жаңағы жоғарыдағы құжаттардың барлығы Ресей мұрағатынан табылыпты.
Бұдан бөлек, депутат қазақ жазушыларының шығармаларына, ұлы ғалым Ш.Уәлихановтың еңбектеріне сүйене отырып, қаланың байырғы атауына қатысты басқа да дәлелдерді келтіреді. «Бұл мәселе өз шешімін тапқанша, күн тәртібінен түспек емес. Уақыт осыны талап етіп отыр. Сондықтан ерте ме, кеш пе, оны қарауға тура келеді. Осындай халық көптен күткен шешім қоғамымызда түсіністік ахуалы қалыптасқан бүгінгі таңда қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді депутат. Осылайша, солтүстіктегі қазақтың көне атауын жаңғырту мәселесі Мәжілісте бірқатар депутаттардың қолдауын иеленді. Әйтсе де төменгі палатада «пісіп-жетілді, халық, уақыт талабы» деп қолпаштаған мәселеге бірден қарсылық білдіргендер табыла кетті. Мұндайлар басқа жақтан емес, Сенаттан шықты.
Тасбай «әлі емес, әлі емес...» деумен келеді
«Біз өзіміздің жерлестерімізбен зерттей келе, мұндай мәселені көтеруге әлі ерте деп айтқымыз келеді. Неге десеңіз, қалада 60 пайыз орыс халқы болса, украин, неміс секілді ұлт өкілдерін қосқанда 70 пайызға тартады. Олардың бәрі орыс тілінде сөйлейді. Соның бәрін есепке алып, қала атауын ауыстыруды көтеру әлі де ертерек деп ойлаймыз», – деді Тасбай Симамбаев журналистерге берген сұхбатында. Сонымен қатар депутат телефон арқылы осы мәселе төңірегінде хабар алысқанын айтып, облыстағы басқа ұлттардың «кейбір жерлерге, шіркеулерге жиналып» қала атауын ауыстыруға қарсылық білдірмекші екендігін жеткізді. Тіпті қарсылық білдіріп, қол жинауға кіріскендер бар көрінеді. «Облыс халқы тату-тәтті, әп-әдемі бірлікте еңбек істеп жатыр. Ал атауды өзгертетін уақыт әлі ерте, өз кезегінде істеу керек, әйтпесе бүлдіреміз», – деді петропавлдық сенатор. Депутаттың «уәжінен» тағы бір түсінгеніміз – қаланың байырғы, түпкі атауы қалпына келсе, сол жақтағы басқа ұлттар өре түрегеліп, үдере көшуге әзір отырған сыңайлы. Мәселен, «осыны қозғай берсек, басқа ұлттар көшіп, миграцияға ұласады. Бұлардың ішінде мұғалімдер, дәрігер, кәсіби білікті жұмысшылар бар, солардың барлығынан айырылып қаламыз. Қазақстанда басқа ұлттардың болуы біздің сәніміз, бақытымыз» деуі де сондықтан екен. Тіпті солтүстіктен сайланған сенатор ағамыз атау мәселесін қозғауға қатты қорқатынын аңғартып қалды. 1992 жылы осы мәселе көтерілгенде, «казактар жиналып, үлкен толқыныс тудырғанын әлі де ұмыта алмай жүргенін» жасырмады. Содан жүрегі шайлыққан болуы керек, басқалар өліп-талып, терлеп-тепшіп тапқан ел тарихына, жер тарихына қатысты деректерді де жоққа шығарып тастады. «Тарихтың мәселесін мен айтайын. Абылай хан дейсің бе? Жоңғарлар қазақтарды қырып жатқанда, Абылай орыс патшаларына барып күш сұрап, қазақты сақтап қалды. Енді «Қызылжар жәрмеңкесі» – Петропавлдан 15-20 шақырым жер. Тура қаланың түбі емес. Мен оны жақсы білем. Қала ең бірінші «казачья крепость» боп құрылған. Ал 1920 жылғы газеттегі материалдарға, сәбет кезіндегі заңдарға қарамау керек», – деді депутат.
Түйін
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы жақындағанымен, Қазақстан бодандықтың нышандарынан әлі де толық арыла алмай келеді. Бір дәлелі – осы. Ұсақ-түйекті айтпағанның өзінде, төрт ірі қаламыз шетелдің тілінде, қазақтың тарихына, тағдырына еш қатысы жоқ атаумен айтылып келеді. Мұның өзі, мемлекеттік тілге, тарихқа деген көзқарасымыздың әлі де кереғар тұсын білдірсе керек. Ал кез келген мәселеде ұлттың мүддесін кейінге ысырып, жосықсыз ұлтаралық татулықты желеу ететін депутаттар тұрғанда, ондай көзқарас қалайша өзгермек?! Басқасын былай қойып, БҰҰ-ның қабылдаған ережелерінде ықылым заманнан келе жатқан төл халықтың тарихи атауы болса, кейіннен қабылданған атауды жоюға болатындығы айтылады. Ал біздің сенаторлар кешегі Қожаберген мен Абылайдың заманына бармай-ақ, Ш. Уәлихановтың еңбектерін, жазушылардың шығармаларын мойындаудан алыс. Әлбетте, бұл жолы да басқа емес, өз қандасымыз. Осындайда бір әпсана еске түседі: Еменнен: «Еңгезердей бойыңмен екі қарыс балтаға шамаң келмей құлағаның қалай?»– деп сұрапты. Сөйтсе емен: «Қайтейін, сабы өзімнен еді», – деген екен...