Қызылжарда қарға қаптады
Қаланың қақ ортасы қара қарғалардың мекеніне айналды. Қас қарайса болды, жабайы құстар үйреншікті орындарына келіп қонақтайды. Қарқылдаған жағымсыз дыбыстарымен көшедегі адамдардың мазасын алып қана қоймай, айналаны да ластайды. Қарғалардың осылайша көбейіп кетуін қызылжарлықтар жаман ырымға балап отыр.
Күн ұясына қонып, қараңғы түсер алдында қарғалар үйреншікті орнына жиналады. Қаланың ең әдемі көшесі оларға да ұнаса керек. Себебі бұл жерде көлік аз жүреді. Биік ағаштар да қонақтауға ыңғайлы. Жабайы құстар адамдарға үйренісіп кеткені соншалық – қорықпайтын болған. Керісінше, жүргіншілер ала қарғалар жағымсыз дыбыстарымен бойда үрей туғызатындығын айтады.
Өткен жазда Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушылары мен студенттері зерттеу жұмыстарын жүргізіп, құстың бұл түрі шамадан тыс көбейіп кеткенін анықтаған. Қарғалардың көбейіп кетуі ғалымдардың да алаңдаушылығын туғызып отыр. Олар өзге құстарға қауіп төндіреді екен. Бір қарға көктем мезгілінде басқа қанаттылардың орта есеппен 120 жұмыртқасын жейтін көрінеді.
Владимир ВАЛЕНКОВ, биология ғылымының кандидаты, доцент:
– Әдетте қарғалар жылы жаққа ұшады. Тамақ тауып жеу үшін кетеді. Ал қазір жабайы құстардың осында қыстап қалуына адамдар жағдай жасап отыр. Олар тұрмыстық қалдықтарды қорек ететін болған. Жазда ормандарда ұя басады да, қыс мезгілінде қалаға көшеді. Түнде қонақтауға биік ағаш пен тыныш жер іздейді.