Қызылжар әуежайының тағдыры қыл үстінде тұр
Қызылжар қаласындағы халықаралық әуежай жабылып қалудың сәл алдында тұр. Бұлай деуімізге көлік прокуратурасы жүргізген тексеріс кезіндегі анықталған кемшіліктер себеп. Әуежайдың бұған дейін де бірнеше рет есігіне қара құлып ілінген-ді. Бірақ біраз уақыттан кейін әуе қатынасы әуелгідегі қалпына қайта келіп отырған.
Сонымен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көлік прокурорлары жыл басынан бергі алты ай ішінде Қызылжар қаласындағы халықаралық әуежайға 19 рет тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде халықаралық деген дардай атқа ие әуежайдан ұзын саны 201 кемшілікті тауыпты. Техникалық ережелердің бұзылуымен қатар, жұмысшылардың құқықтарының аяққа тапталып жатқандығы да белгілі болған. Осының нәтижесінде әуежайдың 180 жұмысшысының айлар бойғы алмаған 18,8 миллион теңге айлық жалақысы өндіріліп берілді. Сонымен қатар көлік прокуратурасы әуежай ұшақтардың ұшып-қонуына қауіпті екендігін айтып отыр.
Бүгінде 60 пайыз акциясы жекеменшік компанияның қолында. Қалған 40 пайызы облыстық әкімдіктің еншісінде екен. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көлік прокуроры Айдар Шақаров: «Негізгі акционер Altyn Estate ЖШС әуежайдағы кемшіліктерді жоймақ түгіл, саусағын да қимылдатқан жоқ. Әуежай ғимаратында жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Қыстың күні ғимарат дұрыс жылытылмайды, күту залынан күн шуағы түсетін дала жылырақ болар, – деді.
Акционер келісімшартта көрсетілген міндеттерін орындамай отыр, сол себепті акцияларды қайтарып алуға негіз бар екен. Бақылаушы орган былтырдан бастап әуежайды коммуналдық меншікке өткізу туралы акционермен соттасып жатыр. Аталмыш іс ақырын жылжып, Жоғарғы соттан бір-ақ шығыпты. «Әуежайды коммуналдық меншікке өткізіп, бюджеттен қаржы бөлдіру арқылы кемшіліктерді жоймаса, қызылжарлық әуежай жабылып тынады», – дейді Айдар Шақаров.
Бүгінде теріскей облыстың тұрғындары ұшақпен Астана мен Алматы қалаларына ғана ұшып жүр. Басқа бағыттар әлдеқашан жабылған. Айына бір рет мектеп оқушылары мен ардагерлер әуе көлігімен елордаға саяхат жасайды. Егер әуежай жабылып жатса, алдымен қызылжарлық балғындар мен қарттар жапа шегетін түрі бар.
Айдар Шақаров, СҚО бойынша көлік прокуроры:
– Мен 2008 жылдан бері әуежайдың ісімен айналысып келемін. Оның басшыларына қаншама ескертулер жасалды, айып та салынды. Әуежайдан ұшу адам өміріне қауіпті екенінен тиісті органдарды құлағдар еттік. Біз мынадай кемшіліктерді анықтадық: ұшу-қону алаңы стандарттарға сәйкес келмейді, қоршауы жоқ, өрт қауіпсіздігі сақталмаған, тағысын-тағы. Бір сөзбен айтқанда, әуежай халықаралық деген атына сай емес. Халықаралық стандарттарға мүлдем маңайламайды. Алайда қалай алатынын білмеймін, әйтеуір әуежай басшылары Азаматтық авиация комитетінен ұшып-қонуға рұқсат беретін сәйкестік сертификатын алып алады.
Виктор ШЕВЕЛЕВ, әуежайдың директоры:
– Мен бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартамын. Қазір әуежайдың жұмысында еш кедергі жоқ. Ал жарамдылық сертификатына келетін болсақ, Азаматтық авиация комитетінен келді, тексерді, кемшіліктері болмаған соң, сертификатты да берді. Қазір әуежай әдеттегідей жұмысын жалғастыруда. Ешқандай «проблема» жоқ.
Дерек:
Қызылжар қаласындағы халықаралық әуежай 1973 жылы пайдалануға берілген екен. Ол облыс орталығынан 15 шақырым қашықтықта жатыр. Әуежай алаңына Ил-76, Ту-154, Ту-134, Ан-8, Ан-12, Ан-26, Ан-30, Ил-18, Як-40 сияқты ұшақтар мен тікұшақтардың барлық түрлері қона алады. Салмағы 190 тоннаға дейінгі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндігі бар.