Қытайлар «Қорғастың» 95 пайызын салып бітірді
Қазақстан және Қытай Халық Республикасы басшыларының бастамасымен салынған «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы Қытай мен ТМД елдері арасында сауда келісімдерін жасау және демалу үшін келетін азаматтарға визасыз жүре алатын аумақ құруды қарастырады. Бұл туралы кеше Алматы облысында «Қорғас» орталығын дамытуға арналған қазақ-қытай І халықаралық конференциясында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Сманқұлов мәлімдеді.
Басқарма төрағасының мәліметінше, халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы 2018 жылы толығымен іске қосылмақшы. Ал 2012 жылға дейін барлық нысандардағы құрылыстың 80 пайызын аяқтау көзделген. Қазіргі уақытта жобаны іске асыруда 15 миллиард теңге игерілді. Орталықтың еліміздегі бөлігі 15 гектар аумақты алып жатыр. Жоба құны 382 миллиард теңгені құрайды. «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы – халықаралық ынтымақтастық, логистика мен туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында өткен жиында ҚХР ШҰАА Халықтық саяси консультативтік кеңесінің төрағасы Асқар Керімбай Қытай жағы қажетті жұмыстардың 95 пайызын аяқтағанын және оған 700 миллион юань жұмсалғанын атап өтті. Қазір инвесторлардың ұсыныстары қаралып жатқан көрінеді. «Нысанды іске қосу үшін Қазақстан жағын күтіп отырмыз», – деді А.Керімбай.
Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 12 миллиард 242 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 33 пайызға артық. Ресми болжамға сүйенсек, 2015 жылы қазақ-қытай тауар айналымы 15 миллиард долларға жетеді.