Қытай білген қарағайдың қадірін қазақ қашан ұғады?!
Қытай жақсы болды бізге. Темір-терсекті де, құрт-құмырсқаны да арзан бағаға өткізіп қойып, бетіміз бүлк етпестен отыра беретін болдық. Алып көршіміз енді өзіміз көп қадіріне жете бермейтін, отын мен құрылыс жұмыстарына пайдаланып, әрі кетсе, жаңғағын шағып, соған тамсанудан аса алмай жүрген балқарағайға қол сала бастаған секілді.
Балқарағай деген не дерсіз, бәлкім? Балқарағай – қарағай тұқымдасына жататын қылқанжапырақты биік ағаш. Ағаш болғанда жай ағаш емес, дәрілік қасиеті бар ағаш. Оның бүршігі – көп сырқатқа ем. Балқарағайдан кісінің көз жасы сияқты шайыр ағып тұрады, мұны балауыз дейді. Осы балауызды сағыз орнына шайнаса, ішкі құрылысқа антибактерицидтік рөл атқарады. Бәрінен де кереметі – балқарағайдың жаңғағы. Бүгінде бұл жаңғақ қып-қызыл бизнеске айналып тұр. Осы жаңғақтың арқасында күнін көріп, тіпті байып кетіп жатқандар да бар. Әсіресе бұл жаңғақтың қызығын қытайлықтар көріп отыр. Самырсын майы, яғни «кедровое масло» деп аталатын май осы балқарағайдан жасалады. Бізде емес, Қытайда. Ал Еуропада аталмыш майдың 100 грамының өзі жүздеген АҚШ долларымен бағаланады. Біз тек шикізат дайындаушы мемлекет ретінде пысық көршілерімізге жомарт Жер-Анамыздың жемісін жөнелтіп-ақ бағудамыз.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданының көптеген ауылы осы жаңғақты кәсіп көзіне айналдырып отыр. Ауылдағы шикізат бағасының бір келісі – 200-250 теңге. Мұнда дайындалған қап-қап қарағай жаңғағы Қытай асып барған соң, дәні сығылып – майға, қабығы уатылып тәтті тоқаштарға, шоколадтарға қосылатын ұнға айналады. Ал Қазақстанда балқарағай әзірге ауладағы орындықта отырып шағуға арналған шемішкенің орнына ғана жүріп тұр. Оны шағу да оңай емес, шемішкені шақ келтірмей шағатындар балқарағайдың дәніне келгенде кібіртіктеп қалатыны бар.
Себебі қабығы тастай қатты тау жаңғағын шағудың да өзіндік тәсілі бар. Оны катондықтар жақсы біледі. Айтпақшы, еліміздегі спирттік ішімдіктер өндіретін бірді-екілі мекемелер анда-санда балқарағай дәнін сатып алады екен, бірақ олар өте аз мөлшерде пайдаланады.
Катонқарағай ауданында Өрел деген ауыл бар. Сол ауылда бір отбасы осы кәсіппен шұғылданып келеді көптен бері. Осы үйдің ұлы Мұраттың айтуынша, балқарағай жинау – аса қауіпті жұмыстардың бірі. Оның бүршіктері ағаштың биік ұшында өседі, ал оған өрмелеп шығып, бұтақтан-бұтаққа секіріп жүру дегенің оңай шаруа емес. Бір жылдары тура осындай оқиғаның салдарынан, балқарағайға барған бала биік қарағайдан құлап мертігіп, оны облыс орталығына тікұшақпен әрең жеткізген екен.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Мұрат ҚАЙСЕНОВ, Катонқарағай ауданы Өрел ауылының тұрғыны:
– Бұл – оңай шаруа емес. Көкке қарасаң, төбеңдегі тақияң түсіп қалатын биіктікке өрмелеп шығасың алдымен. Сосын ағаштың бұтақтарын сілкілеп, бүршіктерді жерге түсіреміз, 30-35 метр биіктіктен ешқандай сақтандырусыз. Кейде бұтақтың ұшында қалың бүршік шоғырланып тұрады, оны түсіру үшін, шынымен де, қауіп-қатерге бас тігесің.
Осы жанұяның мүшесі Бейбіттің айтуынша, балқарағай жаңғағы Қытай асып кеткенге дейін бірнеше өңдеу процестерінен өтеді, алдымен оны биік самырсындардың басынан өлім аузында жүріп, өрмелеп терген соң, қия-шатқал Алтайдың биігінен қап-қап бүршікті етекке түсіресің. Үйге келген бүршіктерді арнайы қолдан жасалған ет тартқышқа ұқсас құрылғымен үгітіп, оның дәні жел болса, желмен, жел жоқ болса тағы да халық өзі қолдан жасап алған автомобиль қалақшалары арқылы ұшырылады. Тазаланған дәнді жауын-шашынға тигізбей, күннің көзіне кептіріп алу үшін де асқан ұқыптылық қажет. Бейбіт Қытайдағы кәсіпкермен тікелей байланысқа шығып, қаптары қызыл дәнге лық толған кезде Қытайға қоңырау шалады екен. Шетелдік кәсіпкер балқарағай дәнін сатып алу үшін арнайы Алтайдың арғы жағынан ұшып келіп, дайын дәннің келісін 400-450 теңгеден сатып алады.
– «Менен балқарағай дәнін сатып алатын Қытайдың өзі де делдал ғой деймін, ары қарай неше есе баға қосып сататынын бір Құдай біледі. Дайындаған дәнім 20 тоннаға толған кезде Қытайды шақырамын оның жанында ұлты ұйғыр шала-пұла қазақша білетін аудармашысы бар, келіп сатып алып кетеді. Өз жұмыстарына мығым, қолдарында ұзын сымға ұқсас арнайы үшкір аспаптары бар, қапқа бойлата тығып жібереді де дәннің дымқылдығын бірден біледі. Әлі кебе қоймаған қаптарды төгіп жіберіп жылдам кептіріп алады. Балқарағайдан өнім өндірілетін болса, оның теру, үгіту, ұшыру, кептіру сияқты ең ауыр жұмыстарын біз атқарамыз, оларға мінсіз дайын балқарағай дәнін сатамыз. Оларға дәнді өткізген соң ақшасын бермей, алдап кете ме деп те қорқып жүреміз, ақшаны қолдарына ұстамайды екен, есепшотымызға 5-6 миллион теңгені аудара салады», – дейді Бейбіт.
Бейбіттің айтуынша, ауылда қазір 100 ден астам трактор бар. Барлығы осы балқарағайдың арқасы. Ерінбегендер айына 100 мың теңгеден артық ақша тауып жүр.
Біздің кәсіпкерлер бұл істі қиынсынып жүр
«Соншама әуреге түсіп, жинаған өнімді неге өзіміз өндіріп, пайдасын көрмеске? Неге өзімізде зауыт салып, балқарағайды ел игілігіне жаратпасқа?» деген сауалдың туындайтыны да заңды.
Анар БАЗАРҚЫЗЫ, биолог:
– Балқарағайды кәдеге жарата білсек, оның пайдасы шаш етектен. Алайда біздің кәсіпкерлер бұл іспен шұғылдануға ерінетін секілді. Одан гөрі дайын жаңғақты Қытайға өткізіп, ақшасын алғанды тәуір көреді. Шындап келгенде, жаңа жобаларды қолға алып, жаңа зауыттар салсақ, балқарағай жаңғағы еліміздің игілігіне жарайтын еді.
Биологтың айтуынша, Ресей мемлекетінің Шығыс Қазақстан облысымен шекаралас Алтай өңірінде осы іспен шұғылданатын арнайы мекемелер бар. Олар осы өнімді өздері өндіріп, жергілікті жұрттың игілігіне жаратып жатыр. Сондықтан бұл істі өз елімізде қолға алатын кез жеткен секілді.
Біле жүрер бір дерек
Иван Грозный патшаның тұсында Ресей жылына 300 мың пұтқа дейін Швеция мен Англияға экспорттаған екен. Академик П.Палластың XVIII ғасырдағы жазбаларында Швецияның дәріханаларында омырау бездерінің ауруларына балқарағайдан жасалған дәрілер сатылатынын жазыпты. Ертеректе орыс емшілері кедр жаңғағының майын гипертония, атеросклероз, асқазан жарасы ауруларына қарсы пайдаланып, сонымен бірге терінің күйген жерлерін сылап сыйпауға, бұлауға пайдаланған. Адамның иммундық жүйесін күйшейтетін қасиеті бар балқарағай майында түрлі микро және макро элементтер бар. Оның құрамында ақуыз, көмірсу, А, В1 (тиамин), В2, (рибофлабин), В3 (РР ниацин) дәрумендері, сонымен қатар фосфор, марганец, кобальт, йод кездеседі. Балқарағай майының баланың өсуіне және адамның көз жанарына тигізер пайдасы бар екен.