QS WUR рейтингіне қазақстандық 14 ЖОО енді
Қазақстандық 14 жоғары оқу орны Quacquarelli Symonds World University Rankings халықаралық академиялық рейтингіне енді. QS WUR – әлемдегі ең беделді рейтингтердің бірі. Сондай-ақ биыл кейбір университеттер рейтингте бірнеше орынға көтеріліп, позициясын нығайта түскен.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кезекті рет 175-орынға тұрақтап, әлемнің 200 үздік университеті қатарына енді. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 90 позицияға көтеріліп 328-орынды, ал Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 482-орынды иеленіп, үздік 500 оқу орнының қатарынан көрінді. Сонымен қатар рейтингке Satbayev University, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті кірді.
«Рейтинг тарихына көз жүгіртсек, биыл оның құрамына енген қазақстандық ЖОО-лар саны - рекорд. Рейтингке енген 14 жоғары оқу орнының жетеуі соңғы жылы өз позициясын жақсарта түсті. Бұл қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейдегі танымалдылығының арта түскендігін көрсетеді», – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Жоғары оқу орындарының позициясын есептеу кезінде рейтингте академиялық топтар мен жұмыс беруші ұйым өкілдерінен жиналған сауалнамалардың нәтижелері, сондай-ақ 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңдегі 14,7 миллион жарияланым ескерілгенін атап өткен жөн.