Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері бүгінде өздерінің 18 жылдық кәсіби төлмерекелерін атап өтуде. Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері өздерінің шеберліктерін ірі тактикалық оқу-жаттығуларда, практикалық сабақтар мен мемлекеттік ауқымдағы өзге де іс-шараларда бірнеше рет паш етті.
Биылғы жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-әуе күштері «Airbus Military» еуропалық авиациялық концернінің тағы да бір С-295 ұшағымен толықты. .2018 жылдың соңына дейін ӘҚК Әскери-әуе күштерінің авиапаркі сегіз С-295 ұшағымен толығуы тиіс. Одан басқа, Әскери-әуе күштеріміздің жарақтандыруында МиГ-31 тосқауылдаушы жойғыштары, МиГ-29, Су-25, Су-27, Су-30 СМ көп нысаналы жойғыштары, С-295 әскери-көлік ұшақтары, Ми-8, Ми-17, Ми-171Ш, Ми-26, әскери-көлік тікұшақтары, «Еурокоптер ЕС-145» және «Хьюи-2» тікұшақтары бар.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрамалары мен бөлімдері заманауи ұшақтарды, стратегиялық қанатты зымырандарды, барынша қашықтықтарда қарсыластың әуе шабуылының тактикалық және өзге де құралдарын жоюға қабілетті қуатты және заманауи С-200 ЗЗК және С-300 зениттік-зымыран кешендерімен жабдықталған.
ӘҚК-де жауынгерлік кезекшілікті ӘӘК-нің дайындалған жоғары білікті авиациялық мамандары, ӘШҚҚ әскерлерінің радиотехникалық және зениттік- зымыран есептоптары атқарады.
Әуе қорғанысы күштерінің құрамына Әскери-әуе күштері, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен әуе қозғалысын басқару органдары кіретінін айта кетейік.