ҚР Президенттігіне өзін-өзі ұсынған Серік Мұқашев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген
ҚР Президенттігіне өзін-өзі ұсынған Серік Мұқашев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген.
"Сізге жазба жұмысына "Қазақстан ассамблеясы - Қазақстан табысы" деген тақырып келді. Тақырыпты аша алмадыңыз. Шынында бұл ассамблеяның табыстылығы өзге мемлекетте жоқ. Ашу керек еді, шынында да тақырыпты аша алмадыңыз. Жұмыс сауатсыз жазылған. 35 қате кетіпті екі беттік жұмыстан. Оның ішінде емле қатесі- 11, тыныс белгісі- 15, стилі - 9", - деді кандидаттың сынақ нәтижесін жария еткен ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.
Үміткерге екінші кезеңде Абайдың қара сөздері, нақты айтқанда 43-ші қара сөзі түскен. "Ежіктеп оқыды, бірінші сынып баласы сияқты кейбір сөздерді қайталаумен болды. Ұнамсыз деген сөзді 7 рет оқыды, бастық деген сөзді оқи алмады. Ауызекі сөйлей алғанымен, үміткер оқи алмайды деп есептейді комиссия", - деді ол. «Көзілдірік дұрыс болмады сосын оқи алмадым. Ол қате пікір. Соны ескеріңіз", - деді комиссия мүшелеріне С.Мұқаш.
Үшінші тапсырма ретінде "халық тарихи және рухани жәдігерлер " тақырыбы түскен."Рухани жәдігерге не жататынын сіз түсінбейсіз. Ыдыс-аяқ, қамшы, киім-кешек, сандық, осылардың барлығын сіз бізге тізіп бердіңіз. Лингвистикалық комиссияның қорытындысы: Серік Тасқараұлы Мұқаш қазақ тілін меңгермеген. Сізге дайындалу керек", - деді М.Жолдасбеков.
ҚазАқпарат