Қорықтар туралы арнайы заң қажет
Тұмса табиғаттың тылсым құбылыстарының мекені – қорықтар әр сәт сайын өзгеріске түсіп, адамның бей-берекет әрекетінен жөн-жосықсыз пайдаланылып келе жатқанын әркім біледі. Бірақ жылдан-жылға өркен жайып өсудің орнына өшкелі жатқан тылсым дүниені қалпына келтіру мәселесін естір құлақ табылмай тұрғандай көрінеді. Қара аспанды төндіргеніміздің басты себебі Қазақ елінің барша қорықтарының алдында тұрған өткір жағдай болып отыр.
Атап айтқанда, осы бір ғажайып әлемді қорғап, оны бүтіндей болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру бүкіл әлем ғалымдарының көкейкесті әңгімесіне айналып отыр десек қателеспейміз. Өйткені жыл өткен сайын орман-тоғайлар мен көлдерді мекендеген аңдар мен құстардың азайып бара жатқандығы, жабайы аңдардың тіптен саусақпен санарлықтай санға дейін кеміп кетуі тұтас қоғамды да алаңдатуда.
Қорық – аумағындағы барлық табиғи кешен толығымен шаруашылыққа пайдаланылудан алынған және үкіметтің қорғауында болатын жер немесе су кеңістігі.
Алайда қазіргі таңда осы бір қорықтарды да қорғау деңгейі шынымен төмендеп бара жатқандай болып көрінеді, көрінеді емес-ау, шынымен де солай. Қазір Қазақ елінде 10 қорық пен 100-ден астам қорықшалар бар. Бұл ерекше қорғалатын аумақтарда «Қызыл кітапқа» енгізілген жан-жануарлар өсіріледі. Алайда табиғат байлықтарының ішінде тұқымы тұздай құрып, тірідей жойылып бара жатқан бұл жануарлардың одан сайын құлдырап, жағдайдың мүлде ушығып бара жатқанын естігенде көңілің құлазып, мүлде нали түсесің.
Дәл қазір еліміздің қай тұсын алып қарасақ та, орман-тоғайлар мен өзен-көлдердің тартылып жатқанын байқаймыз. Мамандардың есептеулеріне қарағанда, еліміздің жерінің жартысынан астамы шөлге айналып, тақырланып барады. Ал оған тосқауыл қою үшін тек мемлекеттің пәрменді әрекеті қажет.
Мәселен, Ақсу–Жабағылы, Марқакөл қорықтарындағы жағдайдың да мәз еместігі байқалады. Елімізде ең алғашқы болып қорғалған бұл қорықтарда да «Қызыл кітапқа» енген аң-құстар мен өсімдіктерді қорғауға қауқардың жетпейтінін айтып дабыл қағуда.
Бұл орайда Ақмола облысында орналасқан ірі қорықтардың бірі Қорғалжын қорығы жайлы да ауызға алмай кету мүмкін емес. Кезінде тұтас Кеңес Одағы ғалымдарының аузының суы құрып айтып отыратын ірілі-ұсақты көлдердің арасына орналасқан қорықтың бүгінгі жағдайы көңілді көншітер емес. Теңіз-Қорғалжын көлдері аумағында орналасқан бұл қорық 1958 жылы құрылған. Жер аумағы 258 мың гектарды алып жатқан қорықта 300-ден астам өсімдіктер мен сүтқоректілердің – 37, құстардың 294 түрі тіршілік етеді.
Бұл қорықтағы ең маңызды әрі дереу шешуді қажет ететін басты мәселе өзендер мен көлдерде судың мейлінше тартылып кетуі болып отыр. Себебі мұндағы Теңіз және Қорғалжын көлдеріне құятын Нұра өзенінің тартылуы осында мекендеген қызғылт қанатты қоқиқаз т.б. экзотикалық жануарлар мен құстардың мүлде құрып кетуіне әкелуде.
Кезінде қорықта құс өте көп болғандықтан, бұл жерді «Құс базары» деп те атайтын. Аталмыш қорықта дүниежүзінде өте сирек кездесетін қызғылт қоқиқаз мекендейді. Ол қазақ жерінде тек осы жерде ғана ұя салады.
Жаңағы түсі қызғылт қоқиқаздар дүр етіп аспанға ұшқан кезде көл тұтастай қызыл алау шарпығандай болып, ерекше шұғылаға бөленеді. Сондықтан бұл құсты жергілікті халық «қызылқанат» деп те атайды.
Ал соңғы статистикалық сандарға қарасақ, бұл өңірдегі осы бір ғажайып құстар енді аздаған жылдан кейін мүлде жойылып кете ме деген қауіп те жоқ емес. Экологтердің мәлімдеуінше, 60-жылдары 50-60 мың шамасында болған Қорғалжынның қоқиқазы 2000 жылдары 10-15 мыңға дейін азайып кеткен. Ал қазіргі күні тіптен аз.
Мұрат АЙТЖАНОВ, Қорғалжын мемлекеттік қорығының директоры:
– Қорықтардың жағдайы шынымен де қорғауды қажет етіп отыр. Мемлекет тарапынан жаңа бағдарлама қабылданып, әрбір мемлекеттік қорықта алдымен кадр мәселесі, одан кейін бүкіл құрал-жабдықтарды қалыпқа келтіру, сондай-ақ аң аулағандарға қарсы заңды қатайту қажет. Тек сонда ғана мүшкіл халге түскен қорықтардың жағдайы оңалар деген ойдамын.
Қазір әрбір жабайы жануарлар дүниесі қорықты бақылаушылардың тікелей бақылауына алынған. Соның өзінде браконьерлердің шабуылы тыйылмай, кадрлық және техникалық жетімсіздікті тартқандықтан, оларды ауыздықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту да қиынға соғуда.
Әнуарбек САҒИТОВ, Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:
– Бүгінгі таңда өңірдегі қорықтар мен қорықшалардағы жағдайды реттеу, яғни онда мекендеген аң-құстарды қалпына келтіру өте қиынға соғуда. Өйткені бюджет тарапынан табиғатты қорғауға, қорықтарды қалпына келтіруге жүйелі түрде ақша бөлінгенімен, қорықтың тіршілігін көзінің қарашығындай сақтауға ұмтылғандардың қатары аз. Қорықтың жағдайы шынымен де қорқытып барады. Өйткені жабайы аң-құстарды аулайтындарға батыл қадам жасауға әлі де болса шамамыз жетер емес.
Сонда қайтпек керек? Қалай етсек тұмса табиғат алаңы болған қорықтардың қаймағы бұзылмаған қалпын сақтап қала аламыз? Бәлкім, қорықтарды реттеу туралы арнайы заң қажет шығар. Тіпті болмағанда мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жағдайы айтыла-айтыла жауыр болған қорықтардың жайын қорғауға шынымен де кіріскеніміз жөн бе? Қалай дегенмен де, әсем табиғатты қорықтарды құлқынның қамы үшін теріс пиғылда жұмсап жатқандардың қатарын сиретуге белгілі бір қатаң шара қолданған жөн болар.