Қорғаныс министрлігі журналистер арасында байқау жариялады
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай журналистер арасында «Жеңіс жаршысы» республикалық шығармашылық байқауын жариялайды.
Шығармашылық байқаудың негізгі мақсаты 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының тарихы, қазақстандық сарбаздар, офицерлер және тыл еңбеккерлерінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі, ерлігі мен қаһармандығы туралы жас буын өкілдері арасында отансүйгіштік қасиеттерді насихаттау, Ұлы Жеңіс тарихы мәселелерін көтеріп жүрген журналистердің кәсіби деңгейін арттыру, аталған тақырыптарды ақпараттандыруға талантты авторларды тарту болып табылады. Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын жазатын үздік журналистерге арналған байқау Қазақстан аумағында шығарылатын қалалық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ мемлекеттік және орыс тілдерінде электронды бұқаралық ақпарат құралдары арасында жеке номинациялар бойынша өткізіледі. Байқауға газет, радио және телеарна журналистері, ақпараттық агенттіктер, сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс тарихы, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің соғыстан кейінгі тағдыры, ҰОС ардагерлеріне қолдау көрсететін қоғамдық ұйымдар туралы және дала шайқастарында қаза болған жауынгерлерді іздеу туралы материалдарды жариялап жүрген штаттан тыс авторлар да қатыса алады. Жеңімпаздар «Баспасөздегі жарияланған үздік мақала», «Интернет басылымда жарияланған үздік материал», «Үздік телесюжет/телехабар», «Үздік радиосюжет/радиохабар», «Үздік фототүсірілім/фотоочерк» атты бес номинация бойынша анықталады.